• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «РобоКоп / RoboCop» фильміне жазған рецензиясы

    • — 12 ақпан 2014
    • Баға: 6/10

    Жаңа Робокоп - Саясаткер-полицей

    Жозе Падилья ұсынған Робокоп жаңа қаңқасымен, супер жылдамдығымен, анағұрлым жетілдірілген интеллектімен ерекшеленді. Оқиға да түпнұсқадан өзгеше. Дегенмен культқа айналған 1987 жылғы "Робокоппен" салыстырмай сөз қозғауға тағы болмайды.

    Түпнұсқа анағұрлым қанды оқиғаларымен, артық былығы жоқ мінез-құлқы бір қалыпты робот-полицейімен есте қалған еді. Жаңа нұсқада біз өзіндік ойы бар, өздігінен шешім қабылдауға қабілетті, адами эмоциясы сақталған Мерфиді көрдік.

    Жасаушылар жаңа Робокоптан Темір адам секілді қазіргі жастар сүйсіне көретіндей жан-жақты және суперқаһарман образын жасағысы келген тәрізді. Бұны сюжетке саясатты, адами факторларды, жаңа технологиялар мен түрлі көзқарастағы топтардың текетіресін көрсету арқылы жеткізуге тырысқан. 

    Естеріңізде болса - Пол Верховеннің фильмінде Робокоптың өзін танудағы басты мәселесі - жоғалған жадын қалпына келтіруі еді. Бұл жолы ақыл-есі сап-сау, тәртіп қорғау мәселесіне саналы түрде араласқан адами роботты көреміз. Жаңа Мерфидің бас қатырған мәселелері - роботтардың адамдар өміріне араласуына орай туындаған саяси интригалар мен оны жасап шығарған ОмниКорп корпорациясының оған қатысты шешімдерін зерттеу болды.

    Саясат демекші, фильмнен Американың әлемге қатысты, Таяу Шығысқа қатысты саяси көзқарасы айқын көрсетілгендей болды. Тіпті "Робокоп" фильмі АҚШ-тың жуық болашақта Иран секілді жау елдерге қандай шара қолданатыны туралы құпия жоспарды ашып қойды ма деген де ой келді. Бәрінен бұрын тележүргізуші рөліндегі Сэмюэл Л. Джексонның ақырғы сөзі экран алдындағы көрерменге сес көрсеткендей әсер берді.

    Мойындау керек - Юэль Киннаман сәтті таңдалған актер болды. Егер фильм-мейкерлер эмоциялы Робокопты жасауды мақсат тұтқан болса, олар өз мақсаттарына толық қол жеткізе алды деуге болады. 

    Робокоптың "жаратушысын" сомдаған Гари Олдман аздап тасада қалған секілді. Оның абдыраған дәрігер-ғалым кейпі ғана есте қалды.

    Ремейк екен деп, түпнұсқадан сюжеттік айырмашылығы аз болады деп ойлап қалмаңыз. Бұл тіптен басқа оқиға. Экшн да, Мерфидің қайғысына негізделген драматизм де молынан. Тек атыс-шабысты детализациялауға тым көңіл беріп жіберген тәрізді, кейде тіпті Call Of Duty ойнап отырғандай әсерде болдық.

Пікірлер