• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Кімді ойласаң сол келеді» фильміне жазған рецензиясы

    • — 26 ақпан 2014
    • Баға: 6/10

    Enjoy Movies студиясының өнімдері сапа жағынан геометриялық прогрессиямен дамып отырғанын көруге болады. "Легок на помине" - соның жарқын үлгісі.

    Сюжеті шырмалып-шиеленіскен деп айта алмайсыз. Махаббат фэнтезиі іспеттес қатардағы хикая. Аса бір анайы көріністер де жоқ. Бірақ бәрібір тартымды, неге?

    Продюсерлер мен сценарийшілер көрермендер көңілінің кілтін тапқан сияқты: Comedy Club пен постКВН-дық жобалардың басқа да танымал жұлдыздары шақырылады, әдемі графика, сапалы арнайы эффектілер және аздаған юмор. Көңіл көтеретін жеңіл фильм үшін басқа не керек?

    Продюсер демекші, Сарик Андреасян мен Георгий Малковты Ресей киносының жаңа толқыны деп атаған дұрыс сияқты. Олар басқарған жобалар көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

    Қазір жастарға арналған ресейлік комедиялардан Comedy Club жұлдыздарын көп көреміз. Театрмен еш байланысы жоқ, алдымен халыққа түрлі телевизиялық шоу арқылы танылып, кейін киноға келген жаңа буын өкілдері. Бұл да дұрыс шығар - адамдарға астарлы, мағыналы әзілмен қатар жеңіл юмор да қажет. Бұндай сұранысты Гарик Харламов, Михаил Галустян, Сергей Светлаков, Александр Ревва, Николай Наумов секілді комедианттар қанағаттандырып жүр.

    Осы фильмді жақында ерлі-зайыпты атанған Гарик Харламов пен Кристина Асмустыңжеке махаббат хикаясы ретінде де қарастыруға болады. Басталысымен-ақ екеуінің бір-біріне бөтен адамдар еместігі сезіліп тұрады.

    Қаншалықты жеңіл комедия, ересектерге арналған ертегі деп есептесек те, бәрібір фильмнің ата-ананы сыйлау, достармен жақсы қатынаста болу, пайдакүнем болмау, өзгенің меншігіне құрметпен қарау секілді жақсылыққа үйрететін мақсаты да бар, және бұл мақсат-міндеттер ап-анық және түсінікті тілмен көрерменге жеткізілген.

    Қысқаша айтқанда, "Легок на помине" - техникалық тұрғыдан өте сапалы жасалған, актерлік құрамы жақсы іріктелген, әдемі музыкамен әрленген жастарға арналған романтикалық комедия.

Пікірлер