• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Филомена» фильміне жазған рецензиясы

    • — 26 наурыз 2014
    • Баға: 8/10

    "Бірінші класпен ұшатын адамдардың барлығы бірдей бірінші класты емес"

    (Филомена)

    Филомена

    Тағдырдың небір ауыртпалығын көрсе де, шүкіршілікпен тіршілік етіп жатқан кішкентай кемпірдің хикаясы. Ол өмірінде адамдардан көп зәбір көрді, бірақ "зұлым" сөзінің мағынасын түсінбейді. Адамдарға ренжімек түгілі, ауыр сөз айтпайды да. Баладай болмашы нәрсеге алдана салатын, елеусіз жағдайда қуана салатын пәк қария. Оның бір ғана арманы бар - 50 шақты жыл бұрын жоғалтқан ұлын табу.

    Мартин

    Шындықты айтамын деп биліктің қаһарына ұшыраған, жұмыссыз қалған журналист. Филоменаның оқиғасына қызығушылық білдіріп, журналистік зерттеу жүргізбек болады. Осылайша екі кейіпкер жолығады.

    Актерлік шеберлік

    Фильм сюжеті өмірде болған шынайы жағдайға негізделгенін ескеретін болсақ, оқиға шынымен таңғалдырады. Джуди Денч пен Стив Куганның тамаша актерлік шеберлігі оқиғаның барынша сенімді, әсерлі баяндалуын толықтай қамтамасыз ете алды. Әсіресе басты кейіпкерді сомдауға актрисаның барын салғаны сөзсіз байқалады: оның ішкі сезімдері, толғаныстары, қайғысы мен қуанышы, бір нәрсеге елітуі мен кеюі - бәрі асқан әртістікпен жеткізілді. Актерлік ойындары арқылы елітіп алып кеткен жаңағы екі адамның алдында басымды иемін.

    Сюжет

    Фильм осы оқиғаны зерттеген Мартин Сикссмиттің кітабын негізге алған. Оны киноға бейімдеген актер Стив Куганның өзі. Осы орайда, диалогтар мен іс-әрекеттердің әдемі құрылғанын ерекше атап өту қажет. Сценарий үшін Куган бекер "Оскарға" ұсынылған жоқ.

    Хикаясы өте тартымды дүние шығыпты. Әрине фильмде дін, адамгершілік секілді мәселелер де қозғалған. Бұл сюжеттің тартымды болуына пайдасын тигізбесе, кедергі болған жоқ.

Пікірлер