• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Капитан Америка: Қысқы жауынгер» фильміне жазған рецензиясы

    • — 2 сәуір 2014
    • Баға: 7/10

    Көпшілік күтті. Біз де күттік (Киностан авторларын айтамын). Олардың ішінде мен де бар.

    Алдын ала көрсетілім алдында бір киноман менен:

    - "Қысқы жауынгерден" не күтесің?, - деп сұрады.

    - Біріншісінен тәуір болады деген үміттемін, - дедім. Оның көзінен де соны аңғардым.

    Шынымен, "Капитан Американың" алғашқы бөлімі көпшіліктен көңілінен шықты деп айту қиын. Кэптің мәртебесі "Кек алушылар" арқылы бір көтеріліп қалғандай еді. Бұл жолы шынымен "Кек алушылар" қойып кеткен биіктіктен төмен түспеу басты назарда болған секілді. Бұндай деңгейді тіпті "Темір адам 3"-тен көре алмадым.

    Әдемі қоян-қолтық төбелес, жарылған машиналар мен қырғын атыс - тамаша қойылымның басты өзегіне айналды. Экшн көріністерді былай қойғанда, бізге бұрыннан белгілі Капитан Америка, Қара жесір, Ник Фьюридің кинодағы қатысу үлестері тең үлестіріліп, әрқайсысы есте қаларлықтай әрекеттерімен ерекшеленді.

    Жаңадан пайда болған, Энтони Макидің орындауындағы Қыран көрермендерді қуанта алды деп ойлаймын. Ұша алатын қабілеті бар, әзілқой, батыл, адал дос бейнесі Темір адамның орнын алмастырды десек артық айтқандық болмас.

    Енді Marvel-ді ешкім тоқтата алмайды. Суперқаһармандарға арналған фильмдер сериясы бірінің соңынан бірі жарыққа шығуда және бұндай жиілік сапалық деңгейіне кері әсер етіп жатқан жоқ. 

    Кинодан шыққаннан кейін жоғарыда айтылған сұрақ еске түсті. "Біріншісінен сөзсіз жақсырақ" деген ой түйдім.

Пікірлер