• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Жаңа Өрмекші-адам» фильміне жазған рецензиясы

    • — 5 шілде 2012
    • Баға: 6/10

    Өрмегі жоқ Өрмекші-адам

    Көптен күткен "Жаңа Өрмекші-адам" да прокатқа жол тартты. Биыл қазақ тіліне аударылған үшінші голливудтық фильм күткен көңілді қанағаттандыра алмады. 

    3D формат үшін арнайылап түсірілген кадрлар 1-2 көріністен аса алмады. Саны мүмкін одан да көп шығар, бірақ ерекше әсер берген сәттер тым аз көрінді. Түсірілім жүріп жатқан сәтте, авторлар тарапынан стерео нұсқа әсерлі шығуы үшін кейбір көріністер бірінші жақтан, яғни басты кейіпкердің көзімен беріледі деп айтылған еді кезінде. Жаңа Өрмекші-адамның қазір классикаға айналып үлгерген 2002 жылғы Өрмекші-адамнан басты ерекшелігі де осы үш өлшемді эффектілері болуы тиіс еді. Өкінішке орай, туынды 3D ерекшелігімен аса таң қалдыра алған жоқ. Есесіне, Тоби Магуайр ойнаған "Өрмекші-адамды" стерео нұсқаға өңдеп, прокатқа қайта жіберсе — анағұрлым әсерлі дүние шығатын тәрізді. Әрине, бұл жай ғана бір мезеттік ой ғой…

    Биыл «Меломан» холдингі бастап, мемлекеттік бірлестіктер мен қорлар қостап отырған фильмдерді біртіндеп қазақшалау үрдісінің өзі қуантып отырғаны рас. Бұған дейін шығып үлгерген "Қара киімділер 3" пен "Батыл жүрек" прокатта айтарлықтай сәттілікке қол жеткізе алмаса да, осы фактінің өзі халық үшін үлкен жаңалық болды. 

    Десек те, сапалы дубляжымен екі рет қуантқанымен, «Жаңа Өрмекші-адамға» келгенде үлкен кемшіліктерге жол беріліпті. Аударма тілі тым ауыр, ал кейде тым жұтаң. Дубляждаушы актерлердің, әсіресе басты рөлдегі кейіпкерлерді дыбыстаушылардың дауысына көңіл толмады. Үндері сенімсіз, кейіпкерлердің қазақша «сөйлеп» тұрғанына сендіре алмады. Аударма сапасы мен дыбыстаудан жасандылық айқын сезіледі.

    Сюжеттен түпнұсқа фильмде (2002 жылғы) орын алған оқиғалар қайталанады деп күткен едік. Бір жақсысы — ол болмады. Сценаристер комикске негізделген оқиғалардан алшақтап, шығармашылық еркіндікке жол беріпті. Тағы бір ерекшелік — бұл жолы жағымсыз кейіпкер жоқ десе де болады. 

    Актерлерден "өрмекшінің" қызын сомдаған — Эмма Стоун ғана ерекшелене алды. Әрине, актерлік шеберлігімен. Бас қаһарманымыз — Эндрю Гарфилдтен ондай деңгейдегі орындаушылық өнер көрінбеді. 

    Қалай дегенмен де, «Жаңа Өрмекші-адам» екі жақты пікір қалдырып кетті. Тоби Магуайрдың орындауындағы 2002 жылғы түпнұсқаны қалайсыз ба, әлде жаңашыл стилдегі, костюмі әдемірек жаңасын құп көресіз ба — оны өзіңіз шешіңіз.

    Баға:
    Фильм — 6/10
    Қазақша дубляж — 3/10

Пікірлер