• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильміне жазған рецензиясы

    • — 23 сәуір 2014
    • Баға: 7/10

    Сонымен, көптен күткен екінші "Жаңа Өрмекші-адам" да Қазақстанға жетті. Қазақша дубляжбен шыққан фильмнің алдын-ала көрсетілімінен кейін оймен бөлісейін.

    Бірден байқалғаны - сюжет желісінің әрі тарамдалып өрбуі. Питер мен Гвен арасындағы қарым-қатынастың күрделене түскенін, олар да өзге адамдар секілді ренжісе алатынын көрдік. Өрмекшінің жаңа жаулары - Электро мен Жасыл Гоблинді, аз-мұз Мүйізтұмсықты да көзіміз шалды. Питердің өз жақындарының өмірі үшін жауапкершілікті шын сезіне бастауы, бұрынғы желөкпеліктен арылып есейгені байқалады. Сонымен қатар, бас кейіпкеріміз өзінің ата-анасы туралы, олардың айналысқан тірліктері туралы біраз құпияның сырын ашады.

    Екінші бөлімде негізгі екпін Питер Паркер/Өрмекші-адам мен Гвен Стейси арасындағы қарым-қатынасқа берілген тәрізді. Өйткені, жаңадан пайда болған супержаулар Өрмекші-адамға аса үлкен қатер бола алмады. Естеріңізде болса, Питер Гвеннің әкесіне енді қызына қауіп туғызбаймын, одан аулақ жүремін деп бірінші фильмде уәде берген еді. Сол уәдені орындау үшін ол барынша тырысып бақты. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді ғой бұндайда.

    Өрмекші-адам қызымен арасындағы жағдайға басы қатып жүргенде, қалада жойқын күшке ие Электро пайда болады. Марвел әлеміне тән таң-тамаша қалдырарлық көріністер осы жерден бастау алады. Әдемі шайқас пен көріністер осы жолы Марвелдің осыған дейін шыққан фильмдерінен бір сатыға алға шығып кеткен тәрізді. Мейлі бұның бәрі адам жасаған трюк емес, компьютерлік графика екенін біле тұра - Өрмекші-адамның ептілігі мен тапқырлығына сүйсіне қарадық.

    Бірінші "Жаңа Өрмекші-адам" мені қазақша дубляжымен аса қуанта қоймап еді. Сол кездегі қателіктер тұп-тура сиквелге де көшіп келіпті. Сөйлем құрамындағы сөздердің үйлеспеуі, дыбыс интонацияларының кейіпкер сөзімен сәйкеспеуі, диалогтардың түсініксіз болуы, әзілдердің сәтсіз аудармасы - фильмнің жалпы концепциясына нұқсан келтірген.

    Аударма тікелей ағылшын тілінен жасалды дегенге сену қиындау. Әйтпесе атауы неге орысшадан аударылған: "Высокое напряжение" - "Кернеген қуат"? Түпнұсқадан толығымен аударылса, жай ғана "Жаңа Өрмекші-адам 2" болар еді ғой?! Әлде мен бұл жерде бірдеңені жете түсінбеймін ба?

    Екінші бөлім драматизмге толы болды. Бас кейіпкердің портреті айқындала түсті. Болашақтағы үшінші бөлімге алғышарттар жасап берді.

    Гарри Озборнды сомдаған - Дэйн ДеХаан, Гвен Стейсиді сомдаған - Эмма Стоун, Электроны сомдаған - Джейми Фокс шеберліктеріне ерекше құрмет. Сосын дыбыс эффектілерін, фильмге музыка жазған мамандарға қол соғу қажет - оларсыз кинотуынды осыншалықты әсерлі шықпас еді.

    Сюжет пен актерлер ойыны үшін: 7/10

    Арнайы эффектілер мен компьютерлік графика үшін: 10/10

    Қазақша дубляж үшін: 4/10

Пікірлер