• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Аполлон 18» фильміне жазған рецензиясы

    • — 1 қыркүйек 2012
    • Баға: 7/10

     

    "Аполлон 18" экипажының басынан өткендері

    "Ресми деректер бойынша "Аполлон 17" адамдардың қатысуымен болған Айға жасалған сапардың соңғысы болды. Алайда, бұдан кейін де Айға сапар жасалды. Бұл фильм "Аполлон 18" сапарынан түсірілген NASA-ның видеоматериалдарынан монтаждалды".

    Фильм шамамен осындай сөздермен басталады. Әрине, шын мәнінде бұған NASA-ның еш қатысы жоқ, оны Ғарыш кеңістігін зерттеу және аэронавтика бойынша американдық әкімшілік ресми түрде жария еткен. Кино жасаушылардың осындай әдемі маркетингтік амал-айласы көрермендерді тартудың бір тәсілі екенін даусыз.


     

    Көп күтілген фильмдердің қатарына жатқызылған осы картинаның кассалық жиыны мардымсыз болғаны тағы бар. Бұны БАҚ өкілдері жарыса жазды. Айтылған пікірлер бойынша, фильм аса тартымды емес екен. Дегенмен, өзімізше көзімізді жеткізіп, "ақ-қарасына" тәнті болу үшін киноға бардық.


     

    Иә, документалистика тәсілін қолданған операторлық жұмыс "әдемі" киномен сусындап жүрген көрерменді баурай қоймайды. Айға ұшқан аппараттағы камералардан "монтаждалған" видеокөріністерді көріп отырып өзімізді бөлме ішіндегі екі адамды сырттай бақылап отырған түнгі күзетшідей сезіндік.


    Егер, қиялға берілгіш немесе білуге құмар жас өрен:

    - Айда тылсым тірлішік иелері бар екені рас па? Егер астронавт пен сол тіршілік иелері кездесіп қалса оқиға қалай өрбір еді? – деп сұраса, Бекмамбетов продюсерлік еткен "Аполлон 18" триллері соған таптырмас жауап сияқты.

     

    Көңілге жаққан айта кетер бір жайт бар. Әдетте, американдық "үрейлі" санатындағы картиналар "үрейлерін" көрсетіп болмайды. Бастапқы кіріспесі ұзаққа созылып, көрермені іші пысқаннан ұйқыға кете бастағанда экранға шап беріп секіріп шыға келеді "құбыжығы". Бұл жолы олай емес. Айға әп-сәтте "жетіп", астронавттармен бірге Жердің серігіне қонасыз да, көп кешікпей түсініксіз жағдайлардың куәсі бола бастайсыз. Яғни, көрерменінің көзі мен жүйкесін тоздырмай, бірден іске кірісіпті кино жасаушылар.

    Тағы бір қызықты нәрсе бар – Айдың табиғатына еріксіз куә боласыз. Күлгін түстес жерсеріктің бетінде виртуалды түрде саяхаттап қайтуға мүмкіндік бар.


     

    Бір сұрақ туындайды: Алып бүйеге ұқсас әлгі құбыжықтар оттегісіз Айда қалай жүр?

    Егер деректі фильм стилінде түсірілетін киноны ұнатсаңыз – көріп қайтыңыз. Идеалды фильм деуге келмес, бірақ Ай мен ғарышқа "сапарлау" үшін көруге тұрады.

     

Пікірлер