• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Малефисента» фильміне жазған рецензиясы

    • — 29 мамыр 2014
    • Баға: 6/10

    "Малефисента" - "Ұйқыдағы ару" ертегісін басқа қырынан баяндау. Оқиғалар енді ертегінің басты зұлымы тарапынан көрсетіледі. Түпнұсқа сюжетті осылайша тарқатып жеткізу - мен үшін әдемі, сәтті әдіс болып көрінді.

    Бірақ фильм басталысымен-ақ, бірқатар техникалық кемшіліктерге жол бергендей болды. Соның ішінде маған байқалғаны - көріністердің (сцена) алмасуы арасында үйлесім орнамай қалған. Екіншіден, картинаның бел ортасына дейін оқиғалар тым созылып кетті, динамика байқалмады.

    Бұл олқылықтарды дәл қазіргі жағдайда түсіністікпен қабылдау керек шығар. Өйткені режиссерлердің бәрі бірдей алғашқы жұмыстарын мінсіз шығара бермейді ғой. "Малефисента" - Роберт Стромбергтің бірінші режиссерлік еңбегі.

    Нил Бломкамптың фильмдері арқылы танымал Шарлто Копли да, Дакота әпкесінің жолын қуған Эль Фанинг та өз рөлін жақсы алып шыққан. Бірақ Анджелина Джолидің мысы бәрін басып тастағандай болды. Экранға жарқ етіп шыға келетін Малефисента ерекше харизмасымен, қылықтарымен есте қалды.

    Диснейдің ертегілері өзіне тән эффектілерімен ерекшеленіп тұрады. Студияның туындыларында бәріне ортақ стилдер, сурет боялары мен кадрлар кездеседі. Осы жолы да "Мынау - Диснейдікі" дегізетін сәттерді байқадым. Демек өз жолынан жаңылмаған, дұрыс бағытпен келе жатыр.

    Қазір қазақша дубляжды қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастадық. Ауыз қимылына әдемі ұйқастырыла жатқызылған қазақша сөздер ертегінің әсерлі жетуіне өзінше үлес қосқан тәрізді. Әрине, кемшіліктер әлі де бар. Бірақ барлығы тәжірибемен келеді деп үміттенемін. Маған әсіресе кадр сыртындағы баяндаушының дауысы ұнады.

    Жоғарыда аталған артықшылықтарына қарамастан, фильм мен үшін бір реттік көрінді. Мектеп жасындағы балалар үшін таптырмас көркем туынды шығар. Бірақ кішкентай балақайлар бұл ертегі-киноны өз деңгейінде қабылдай қоятынына, немесе ересектер сенімсіздеу шыққан сиқыр әлеміне елітіп кететіне күмәнім бар.

Пікірлер