• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «6 қаһарман» фильміне жазған рецензиясы

    • — 23 қазан 2014
    • Баға: 7/10

    "Big Hero 6" деген комикстің бұрын барын білмеппін, ұятыма орай. Сол бойынша Marvel мен Disney бірігіп анимациялық туынды жасайтынынан да соңғы күндерге дейін хабарсыз болып шықтым. Бұл үшін де ұялуым керек.

    Жапон мен Америка мәдениеті әдемі үйлесім тапқан футуристік мультфильмде бәрі бар: әдемі де бояуы қанық сурет, әдемі музыка мен дыбыс, қарапайымдау болса да жақсы құрылған сюжет. Балалардың түсініп әрі қызыға қарауы үшін басқа не керек? Балалар тұрмақ ересектерді де елітіп әкетерлік сиқыры бар бұның.

    Кейіпкерлердің мінез-қылықтарын ашып көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Әрқайсысы қайталанбас өзіндік сипатқа ие. Туындыдағы әр кейіпкерге тағы бөлек бір-бір спин-оффтан жасап шығуға болады. Тіпті екінші дәрежелі кейіпкерлерге де.

    Бұны мультипликациядағы суперқаһармандардың жаңа да бөлек дәуірі деп атау керек шығар. Өйткені, бұлар экранға осыған дейін әлі шығып көрмеген дебютанттар. Сол себепті "6 қаһарман" әлемі болашақта кеңейтіліп, телевизиялық және басқа да көркем форматтарда дамытылып жатса таң қалмаңыз. 

    Бэймакс - мультфильм сюжетінің өзегі және ең маңызды кейіпкері. Осы мейірімді робот арқылы барлық дерлік юморлық және драмалық сәттер мен оқиғаның шарықтау шегі баяндалған. Бэймакс арқылы көрермен өзіне қажетті құндылықтарды түйеді.

    Сіздерді білмедім, ал мен жалғасын көргім келеді. 

Пікірлер