• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Маймылдар ғаламшарының таңы» фильміне жазған рецензиясы

    • — 28 қазан 2014
    • Баға: 8/10

    "Маймылдар ғаламшары" алғашқы фильммен тоқтап қалса, оған деген төмендеу бағам сол күйінде қала берер еді. Енді ше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында баяндалған тақырыпты жалғастырып, дәлірек айтқанда - оған дейінгі оқиғаны көрсетті, біздің ғаламшардың мекиендердің әлеміне айналуына қатысты себептердің бәрі түсіріндірілді. "Маймылдар ғаламшарының көтерілісі" соны ғана жеткізгендей болды және әрі қарай тақырыпты өрбіту логикалық тұрғыдан тиімсіз еді, әрі бір нәрсені созғылап бірнеше фильм бойы қаузай беру де көрерменнің жүйкесіне тиер еді. Менің сиквелге қатысты ойым осылай болатын. Бірақ...

    Сценаристтер бұл жерде де күтпеген бұрылыс жасап, ұтымды сюжет құрастыра алыпты. Оқиға тек көтеріліспен бітпегенін, адамдар мен маймылдар қауымы арасындағы әрі қарай шиеленіс тамаша жеткізілген. Өркениеттен айрылмау үшін барын салған адамдар мен орманды өз үйіне айналдырып, өз тағдырларының эволюциясын қарапайым ғана алғашқы қауымдық құрылыстан бастаған Цезарь төңірегіндегі маймылдардың құндылықтар тұрғысынан бір-бірінен айырмашылығын көреміз. Дұрысы - айырмасы азғантай екенін ұғамыз. Аналар да өмір сүргісі келеді, мыналар да. Алайда, бауырласып, параллель тіршілік етуге жол жоқ. Себебі, екі жақ та бір-біріне сенбейді, ешкім де бейбітшіліктің жалғасатынына кепілдік бермейді.

    Бұл жерде бар мәселе бір нәрсеге келіп тірелетін тәрізді. Ол - сенім. Ал сенім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке орай, жауапкершілікті сезінер адам/маймыл иесі жоқтың қасы.

    "Маймылдар ғаламшарының таңы" жай ғана фантастикалық боевик десеңіз - қатты қателесесіз. Бұл біздің қоғамның айнасы, біздің ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық құрылысымыз бен өркениет философиясымыздың миниатюралы үлгісі. Ізгі ниетті көшбасшы, сенімді серіктер мен одақтастар мінсіз қоғам жасаудың кепілі бола алмайды, өйткені бәрібір сенің жолыңды теріске шығарып беретін жексұрын табылады, көпшіліктің бірігуі арқасында әупірімдеп қол жеткізген бейбіт те жайлы заманды аздық еткен бүлдіргі бәрібір шығады.

    Фильмнің апокалипсистен кейінгі атмосферасы керемет берілген. Жоғары технологияларға сүйенген тамаша графика мен арнайы эффектілер картинаны толымды қабылдауға өзінше бір үлкен үлес қоса түсетін тәрізді. 

    Финалы да әлі де айтарым бар дегендей әсер қалдырды. Ендеше күтейік.

Пікірлер