• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Қаһар» фильміне жазған рецензиясы

    • — 29 қазан 2014
    • Баға: 7/10

    Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңін суреттейтін америкалық фильм көрсең - 4 жылдық қантөгіс әдемі, эффектілі, тіпті көңілді өткендей әсер аласың. Онысы аздай, америкалықтар әлемді фашизмнен азат етуші болып шыға келеді. Бірақ "Қаһар" сәл өзгешелеу.

    Менің ойымша, жаһандық қырғынды барынша шынайы көрсетуге тырысқан Голливудтың сирек фильмдерінің бірі - осы "Қаһар". Бірақ осы арқылы картинаны тарихи дәйегі бар материал деп қарастыруға тағы болмайды. Қатігездік мен шынайылықты үйлестіріп көрсетемін деп тым артық кеткен тұстары да баршылық.

    Техникалық тұрғыдан фильмнің түсірілуі керемет. Арнайы эффектілерсіз "таза" соғыс. Әсіресе танкілердің жекпе-жектері ерекше әсер береді.

    Актерлік құрам да сәтті таңдалған дер едім. Шағын танкіге бес адамнан құралған экипаждың тым көптеу көрінгені болмаса, "соғыс барысында" әрқайсына берілген рөлдің өз маңызы бардай көрінді.

    Америкалық боевик қашан пафоссыз болып еді?! Бұл жолы да жалынды сөздер мен мақтаныш сезімін туғызуы тиіс іс-қимылдар көрініс тапты. Мүмкін мен қателесетін шығармын, бірақ кей сәттерінде Екінші Дүниежүзілік соғыс заманына тән емес, қазіргі заманға сай сөздер мен сөз тіркестері қолданылғандай болды.

    Айтылған артық-кемшіліктерді былай қойып, философиялық сарапсыз көрерменнің көзімен қарасақ "Қаһар" - ерлік пен достықты әдемі көрсете білген кинотуынды.

Пікірлер