• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Интерстеллар» фильміне жазған рецензиясы

    • — 17 қараша 2014
    • Баға: 9/10

    Махаббат қана уақыт пен кеңістікке, физиканың ешбір заңына бағынбайды

    Фильмнен кейін көңілім құлазып қалды. Біз - адамдар не деген қатыгез, эгоист едік! Тек дәл қазіргі күнімізді ойлаймыз, ал Жер ана бізге берер сыйын сарқып тауысып, қалпына келмейтін ресурстарынан айырылып жатыр. "Қолда барда алтынның қадірі жоқ", ал ертең бәрі кеш болады.

    Ағайынды Ноландар ғылыми-фантастика емес, утопия дүние жасап шыққандай көрінді. Ғарыш, болашақтың технологиясы, салыстырмалылық теориясы - бұлардың бәрі керемет. Бірақ егер дер кезінде оның бәрі дайын болмай шықса ше?

    Сюжет Кип Торнның "Көртышқан іні" туралы теориясына негізделген. Ғалым кезінде уақыт пен кеңістікке саяхат жасауға болатынын, алыс галактикаларды аз уақытта бағындыруға мүмкіндік беретін ғарышта "тесіктер" бар деп болжам жасаған еді. Фильм сол теорияны негізге ала отырып, адамзаттың аяғы түгілі, ақыл-қиялы жетпеген алыс ғарышқа сапар туралы баяндайды. Былай алып қарасаңыз, квантты физика мен гравитация секілді ауыр ғылым салаларына арналған, тек таңдаулы ғалымдардың ақылы жететін күрделі заңдар мен теориялар. Алайда, бұлардың барлығы фильмде өте қарапайым көрініс тапқаны сонша, физикадан білімім өте шамалы мен секілді қатардағы көрермен оңай қабылдай алады. Соншама күрделі нәрселерді өте оңай жеткізу шеберлігі үшін сценаристтер кем дегенде "Оскар" алулары тиіс деп есептеймін. Ал фильмнің өзін болашақ физиктер мен астрономдарға көрнекі құрал ретінде ұсынып, оқыту бағдарламасына енгізуге болады.

    Әрине, бұл жерде физиктер тарапынан сюжеттегі кейбір детальдарға қатысты сын айтылатын болады, кейбір нәрселер мүлдем жоққа шығарылады. Бірақ бұл картинаның жалпы атмосферасына еш әсер етпейтініне сенімдімін. А. Куаронның "Гравитациясымен" болған оқиға бұл сөзіме дәлел бола алады. Түптеп келгенде бәрін дәлме-дәл көрсетіп, әр ұсақ-түйекті ескеретіндей Нолан физик емес қой, және олай жасауға үлкен қажеттілік те жоқ.

    Жоғары сапада орындалған визуализация мен графикалық безендіру адам қиялын шектен шығарып, алыс ғарыштарға сапарлауға мүмкіндік береді. Бұны асыра мақтағандық деп қабылдамаңыз. Ал музыкасы бөлек әңгіме. Біздің Күн жүйемізге мүлдем ұқсамайтын бөтен, жат әлемдердің қалыптан тыс көрінісін музыкалық сүйемелдеу арқылы бүкіл сезім мүшелерімізден сезе аламыз.

    Режиссер бұл жолы да актерлік құрамды іріктеуден шалыс басқан жоқ. Соңғы кезде драматикалық рөлдерімен сүйсіндіріп жүрген Мэттью МакКонахи "Интерстеллар" арқылы тағы да бір "Оскар" номинациясына ұсыныла ма деп отырмын. Алып жатса таңғалмаңыз.

    Фильмге Мэтт Дэймонның қатысатыны тіптен есімнен шығып кетіпті. Өзі кадрда пайда болғанда ғана есіме түсті. Оның бұндағы эпизоды аздап түсініксіздеу болды. Мүмкін, Ридли Скоттың "Марстық" жобасына дайындығы шығар, кім біледі.

    Ғарыш ғарышымен, фильмдегі кейіпкерлердің қарым-қатынастары мен туыстық махаббат хикаясы бөлек тарау. Бұл жерде бірдеңе айту қиын, өйткені спойлерге жол беріліп кетуі мүмкін. Сол себепті, сіздерге қарым-қатынас тақырыбы қаншалықты жақсы деңгейде көрсетілгенін жеткізу үшін мына фактіні айта кетейін: 1-2 сәтінде еркек басыммен көз жасыма ерік бердім. Бұл сәттерді айтып жеткізу қиын, тек көзбен көру керек.

    Кристофер Нолан кезекті шедеврін дүниеге әкелді және бұл ұзақ уақыт бойы ғылыми-фантастиканың классикасы болып қала бермек.

Пікірлер