• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Келинка Сабина» фильміне жазған рецензиясы

    • — 25 қараша 2014
    • Баға: 5/10

    Сәбина келін Қазақстан телекөрермендеріне "7-ші арнадан" көрсетілетін "KZландия" скетчкомы арқылы белгілі. Образдың авторы - Нұртас Адамбаев Сәбинаның әлемін кеңейтіп, үлкен экранға шығаруды мақсат етіпті.

    Көрерменде екі ойлы көзқарас пайда болуы мүмкін. Жоба Қазақстан энтертейнменті үшін жаман құбылыс емес. Типаж жақсылап өңделген, артық-кемшілігі теленұсқада жиналған тәжірибенің арқасында ескерілген. Тіпті әзілдеріне шек-сілеңіз қатып күлуіңіз мүмкін. Бірақ Сәбинамен бұрыннан таныс мен үшін жаңа ештеңе таба алмадым.

    Әзілдері мен оқиғалары "KZландия"-дан сол күйінде дерлік көшіріліп алынып келіпті. Былайша айтқанда - "Келинка Сабина" - Келинка Сабина туралы бүкіл скетчтердің үздік жинағы.

    Тағы бір түсініксіздеу жері - фильмнің режиссері, сценарийшісі, продюсері Нұртас Адамбаев басты рөлді де өзіне қалдырды. Теленұсқада өзі ойнауы енді түсінікті, ал үлкен фильм жасағанда рөлді әйел жынысты басқа әртіске беру керек еді. Әйтпесе келіннің аузының айналасы қырынғаннан қалған сақал-мұрттың ізі ап-анық көрініп тұрды.

    Жеңіл-желпі әзіл мен ойландырмайтын сюжет өз дегенін істетті. Араға 12 сағат салып, фильмдегі детальдарды есіме түсіре алмадым. 

    Нұртас Адамбайдың еліктегіштігін бәріміз білеміз. "Наша Казаша", одан кейінгі "KZландия" - ресейлік "Наша Рашаны" басшылыққа алып жасалған дүниелер. "Наша Раша" авторлары да кезінде Джамшут пен Равшан туралы бөлек фильм шығарды ("Наша Russia: Яйца судьбы"). Бірақ онда скечтердегі оқиғалар қайталанған жоқ, бөлек сюжеттік желісі болды. Өкінішке орай, "Келина Сабинадан" ондайды байқай алмадым.

    Бір ұнаған жері - Сабина өзінің басынан өткен оқиғаны Форрест Гамп стилінде баяндауы болды. Еліктеу ме, әлде әзілдеу ме - білмедім, бірақ жаман амал емес сияқты көрінді. Бірде шынайы өмірмен үйлесетін, бірде тіптен ақылға сыймайтын әзілдері бар жеңіл комедия. Десек те оның да өз айтар моралі бар. Қандай мораль екенін фильмнен көре жатарсыз.

Пікірлер