• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Күлбике» фильміне жазған рецензиясы

    • — 6 наурыз 2015
    • Баға: 7/10

    Апта сайын ондаған фильм шығаратын Голливудтың фонында ерекше дүние жасау оңай емес екені айтпаса да түсінікті. Жаңа блокбастерлер, ремейктер, сиквелдер мен приквелдер, экранизациялар мен ребуттар. Ішінен ұнағанын таңдай бер. Ұнамағанын бір категорияға бөліп, "шаблоннан шыға алмаған" дей саламыз, "жанр дағдарысы" деп сөгеміз. Біреулері шықпай жатып ұмыт болады, біреулері екі апта бокс-офистен түспегеніне мәз. Голливуд айтатын дүниелердің бәрін айтып, қозғалмаған тақырыптары қалмағандай көрінеді кейде. Бірақ, ешқашан өлмейтін дүниелер бар екен.

    Бәсекелестік деңгейі адам баласы әлі ойлап таппаған шамаға жеткен Голливудта есте қаларлықтай туындыны жарыққа әкелу қиынның қиыны шығар деп топшылаймын. Әсіресе, бұрыннан келе жатқан шығарманың кезекті экранизациясы болса. Онсыз да белгілі дүниені қайтадан жасау ең ұтымсыз әрекет секілді көрінеді. Өйткені көрерменді соны сюжеттік желімен таңғалдыра алмайсың. Бірақ бұндай негатив болжамдарды жоққа шығаратын шығармалар бар екен.

    "Золушка". Қаншама рет сахнада қойылды, қанша рет экранға шығарылды, қанша рет оқулықтарға басылды? Бірақ өмірде мейірімділіктің бар екеніне сендіретін ертегі өз мәнін әлі жоғалтпапты. Көрерменді ғажайыпқа сенуге, ешқашан үмітіңді үзбеуге, жақсылық тек игі істер арқылы келетінін үйрететін мысал үлкенді де, кішіні де тәнті етпей қоймайды. Мысалы қарапайым, идеясы балаға да түсінікті, сонысымен де тартымды шығар.

    Өз басым, "Золушканың" осыған дейінгі нұсқаларын көрмеппін. Әлде есімде жоқ. Кеннет Брана түсірген жаңасы бұрынғылардан қатты ауытқып кетпеген шығар деп ойлаймын. Шығарманың классикалығы да осы шығар, әйтеуір қанша нұсқасы шықса да өз құндылығы жойылмайды.

    Диснейдің өзі ғажайыптар әлемі емес пе? Осыған дейінгі жобаларының барлығы өз көрерменін тауып жатады. Осы картина арқылы да аудиториясы кемімейтініне сенімдімін. Сәтті таңдалған актерлік құрам, әдемі жазылған музыка, керемет визуал эффектілер көрермендердің жаңа буынына лайықтап жасалғандай.

    Бұл ертегі әлемнің барлық елдерінде танымал. Қазақша дубляждың арқасында енді Қазақстан көрермендерінің де сүйікті фильміне айналады деп сенемін. Жас талғамайтын, ерекше әсер беретін ерекше картина іздесеңіз кинотеатрға асығыңыз. Бұл - "Күлбике".

Пікірлер