• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Форсаж 7» фильміне жазған рецензиясы

    • — 14 сәуір 2015
    • Баға: 8/10

    "Машиналар ұшпайды"

    Кейбір фильмдер болады, әр жалғасы шыққан сайын өз құнын жоғалта түседі. Кейбіреулері керісінше - әр бөлім сайын қарқын алып, үдей түседі. "Жылдам және жойқын" франшизасы соңғысына жатады. Жетінші фильмде бұрынғылардан да бетер мықты трюктер, әдемі қойылған төбелестер, жойқын жарылыстар мен атыстар көреміз. Фильмнен драмалы қойылымдар мен логикалық сәттер күтпеңіз - олар тым аз. Бірақ "Форсаждың" атмосферасына енгеннен кейін бұлардың бәрі қисынды көрінеді, барлық ақылға қонымсыз оқиғаларға сенесіз, олардың абсурдтығына мән бермейтін боласыз. Оның көрермендерін жоғалтпай, әр фильм сайын дами түсудегі сиқыры да осында шығар.

    Жетінші картинаның түсірілімі бәрімізге белгілі себептермен созылып кеткені белгілі. Франчайздың фанаттары Пол Уокердің мезгілсіз қазасы кинотуындының жалпы нәтижесіне кері әсерін тигізеді деп ойлаған еді. Менің ойымша, бәрі біз ойлағаннан да жақсы шықты.

    Тұрақты актерлік құраммен бірге, мен үшін тағы екі әртістің қосылуы керемет жаңалық еді, олар: соңғы жылдары аса көп көзге түспей жүрген Курт Рассел мен "Онг Бак" арқылы танылған Тони Джа. Тай актері туралы бірдеңе айтудың өзі қиын, өйткені оның фильмдегі актерлігі бар болғаны бір-екі ауыз ғана сөзбен шектелді. Көрініс тапқан бірнеше минуттық ойынының барлығын төбелеспен өткізді. Оны алыстан алдыртқанына қарап, оған негізгі рөлдердің бірі беріледі деп ойлап едім, қателесіппін.

    Ал, Курт Рассел таңғалдыра алды. Харизмасы қаншалықты рөл ойнағанын білмеймін, бірақ оның образы позитив пікір жазуға себеп болып отыр. Болашақтағы бөлімдерде тағы да шығады деген сыбыс бар, несі бар, оның рөлі фильмнің әрін келтірмесе, кемсітпейтіні анық.

    Саундтректі ерекше атап өту керек. Бұған дейінгі бөлімдер де әдемі әндермен ерекшеленгені белгілі. Сюжеттегі оқиғалардың атмосферасына дәлме-дәл, өте үйлесімді таңдалған әндер менің плейлистімен енетіні сөзсіз.

    Франшизаның осыған дейінгі фильмдері таңғаларлық автотрюктерімен талай аузымызды аштырғаны белгілі ғой. Бұлардың бәрі экстримнің шарықтау шегі, бұдан артық жойқын көріністер болмайтындай көрінетін. Қателесіппіз. Жетінші бөлімде автомобиль басқарудың бұрынғыдан да керемет үлгілері ұсынылады. Фильмдегі кейіпкерлердің өздері мойындағандай: "машиналар ұшпайды". Бірақ, олар стереотип сындырудың шеберлері екен.

    "Форсаж 7" Пол Уокердің аруағына арналыпты. Актерлік құрамның соңғы серияға бар күш-қуатын салғаны көрініп тұр. Пол Уокердің кейіпкеріне де ерекше мән берілген.

    Әрине өкінішті, бірақ енді оны экраннан көрмейміз. Доминик Торетто бастаған жанұя өз бауырларымен фильмде де қоштасыпты. Егер жоғарыда аталған нәрселердің бәрін ысырып тастап, бұл картинаны не үшін көреміз деген сұрақ туындыса, дәл осы ақырғы минуттары үшін көруді ұсынар едім. Қош бол, Пол.

Пікірлер