• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Болашақтың елі» фильміне жазған рецензиясы

    • — 20 мамыр 2015
    • Баға: 8/10

    Болашақты өзіміз жасаймыз

    Топан су, зілзала, соғыс, жаһандық жылыну... Біз өз келешегімізге өз қолымызбен көр қазып жатқандаймыз. Төңіректе, әлемде болып жатқан түрлі апаттар мен қайғылы оқиғаларды көре тұра, біле тұра - осылардың бәрін қалыпты нәрседей бей-жайлық танытатын да жағдайға жетіппіз (мүмкін бұл күйден ешқашан өзгермеген де шығармыз, кім білген). Жер-ананы, онда тіршілік ететін барлық тірі организмдердің болашағы бұлыңғыр екенін сеземіз, бірақ бұл фактіні сол күйінде қабылдап отыра береміз. Біздің орнымызға басқа біреу келіп, бәрімізді құтқару керек деп есептейміз.

    Қырып-жоюшы да өзіміз, жақсартып-көркейтуші де өзіміз екенін қаншалықты сезінеміз? Міне, фильм осы тақырып төңірегінде ой қозғайды.

    Бастапқыда Диснейдің бұл туындысы қызық оқиғаға толы, елеусіз өтіп кететін кезекті интертейнмент дүниелердің бірі көрінгені рас. Тіпті кең ауқымды жарнамасын да өзім байқамаппын. Ал трейлерде Джордж Клунидің жарқ етуі сәл таңғалыс туғызғаны болмаса, ғажайып бірдеңенің келе жатқанынан аса хабар бермеп те еді.

    Кинодраматургияның акуласы Дэймон Линделоф пен көрерменінің жалығуына ешқашан жол бермейтін Disney студиясының әріптестігі өз нәтижесін беріпті. Бір қарағанда қызықты оқиғаларымен баурап алатын, әдемі пейзажы бен футуристік әлемі бар кинокартина арқылы ғаламдық мәселелерге назар аудартқан әсем дүние жасалды. 

    Зерек қыздың хикаясын баяндай отырып, преапокалипсистік өмірдің әсері жеңіл формада болса да керемет берілген. Негізгі философия сол: адамдар соншалықты орасан зор ғылыми жетістіктерге қол жеткізді, небір технологиялар ойлап тапты. Бірақ табиғатты, өзі өмір сүретін ортаны жақсартуға сол жетістіктің бір тұтамын да жұмсамаған. Сонысына қарамай: "ойбай өлетін болдық, болашағымыз қараңғы" деп байбалам салуға шебер.

    Киноғаламда "Эдем" деген ұғым кеңінен қолданылады ғой: қиялдағы ең идеял әлем, ешбір мәселе жоқ, жарқын өмір бар бір мекен. Фантастикалық фильмдерде әдетте бұндай "жұмақ" ғарышта салынған алып станция, адам аяғы жетпеген арал немесе ғарыштың түкпіріндегі планета кейпінде беріліп жүр. "Болашақтың елінде" бұл параллель әлемде адам қолымен тұрғызылған қала түрінде көрсетіліпті. Бұнда ешбір бюрократия, саясат, жаугершілік деген түсінік жоқ. Онда тек таңдаулы адамдар ғана барып, сол мекенді көркейтуге атсалыса алады. Соған байланысты кинода айтылған бір ой керемет әсер етті: бұл жерге кез-келген адам өте алмайды, себебі барлығы өтсе бұл "Tommorowland"-тың ерекшелігінде еш мән қалмас еді. Себебі өз Жер-анасын "өлтірген" адамдар бұл мекеннің күл-талқанын шығаратыны сөзсіз.

    Фильмнің утопияға жетелейтін идеясына қарамастан, адам ойын өзгертуге талпыныс та бар. Болашақтың қалай өрбитіні тек қана өзімізге байланысты, ешкім келіп біз үшін ештеңе істемейді.

    Сөзімді фильмде айтылған үндістердің бір даналық сөзімен аяқтағым келеді:

    - Адамның ішінде екі қасқыр өмір сүреді. Бірінші қасқырдың аты - Жақсылық, екіншісінікі - Жамандық. Адам ішіндегі сол екі қасқыр үнемі бір-бірімен қырқысумен болады.

    - Түбінде қайсысы жеңеді?

    - Қайсысына азық берсең - сол жеңіп шығады.

Пікірлер