• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Құнанбай» фильміне жазған рецензиясы

    • — 25 мамыр 2015
    • Баға: 7/10

    "Абай жолын" оқымағанмын, Құнанбай Өскенбайұлының өмірімен таныс емеспін. Оның сұлтан болғанын ғана білемін. Сол себепті кинода келтірілген көптеген фактілерден мақұрым екенмін. Көп нәрселерге көз ашып бергені үшін, осы жазбамды аяқтап, ой түймей жатып-ақ алдын-ала бір "плюс" бағамды бердім.

    "Құнанбай" тарихи тұлғаның өмірі туралы кино ғана емес, онда сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әсіресе ауқаттылар қалай өмір сүргені, би-болыстардың қалай кеңес құрғаны, той-жиындардың қалай өткені өте әдемі көрсетілген. Әсіресе, бұған дейінгі тарихи картиналарда көрсетілмеген кейбір ұлттық ойын түрлері аздап шок әкелгені рас.

    Диалогтардың өзіне бөлек тоқталған дұрыс сияқты. Әр сөз, әр сөйлем өз орнында. Мәні жоқ, ешбір логикалық түйінге апармайтын артық айтылған сөзді көрмейсіз. Бұған марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыздың зор еңбегі сіңген шығар.

    Пейзаж, костюм, атмосфера - бұлардың бәрі бірігіп кеткенде тап сол 19-шы ғасырға тап болғандай әсерде отырасың. Әр оқиға, әр шиеленісті жіберіп алмауға тырысасың. Бұл тұрғыда, яғни фильмді тартымды ету жағынан авторлардың көп еңбектенгені көрініп тұр.

    Досхан Жолжақсынов "Біржан салды" түсіргенде Көкшетау өңірінің әсем табиғатын мейлінше тиімді пайдаланып, сұлулықты әдемі операторлықпен үйлестіруге сеп болып еді ғой. Енді Шығыс даласының қатал қысы мен жайдары жазын көрдік. Жайыла орналасқан үлкен ақбоз ауылды көрдік. Демек, режиссер жақсы актер ғана емес, шебер суретші, оқиғаға сай орта жасай алатын мықты қоюшы. 

    "Біржан сал" арқылы түсірілу техникасының, операторлық жұмыстың жаңа стилі, жоғары дәрежесі қалыптасқан еді. Сол биіктік "Құнанбай" арқылы тағы бір сатыға көтерілді.    

    Құнанбайдың осыған дейінгі бейнесінен бейхабар болғандықтан, бас актеріміз кейіпкерін қалай сомдай алды, оны бағалап беру қиын мен үшін. Бірақ, Д. Жолжақсынов өзі ойлаған, өзі мақсат еткен образды барынша сеніммен орындап шықты деп ойлаймын.

    Бұл жерде жұртқа белгілі түпнұсқадан ауытқып кетті деп ренжу артықтау (ал солай ренжігендер болды деп естідім). Бұл - "Абай жолы" романының тікелей экранизациясы емес. Бұл режиссер мен сценарийшінің өз пайымы, өз көзқарасы.

    Әдетте, қазақтың тарихи фильмдері (әсіресе Кеңес заманында түсірілген) көп жағдайда жарлы мен қорлық көрген қара халықтың жағынан беріледі. Сәйкесінше, байлар мен ақсүйектер жексұрын кейіпте, өте жағымсыз формамен көрсетіледі. Бұл жолы керісінше - бәрі ауқатты адамдар тұрғысынан баяндалыпты, кедей-кепшікті көп кездестіре бермейсіз. Сол себепті оқиғаларды соны тараптан, жаңа бағыттан беру тәсілін ескеретін болсақ, картинаның қазақ кино әлемі үшін құндылығы арта түседі.

    Кейбір оқиғалардың созылыңқы шыққанына, басқа да ұсақ-түйек кемшіліктеріне қарамастан "Құнанбай" жергілікті классикаға айналуы үшін барлық алғышарттарын қалыптастырған сияқты.

Пікірлер