• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Мен кіммін - Ешбір жүйе қауіпсіз емес» фильміне жазған рецензиясы

    • — 13 тамыз 2015
    • Баға: 8/10

    Біз кімбіз?

    Фильм хакерлердің басынан кешкендерін суреттейді десеңіз қателесесіз. Сюжеттегі оқиғалардың өзі сыртқы қабат, бетперде секілді. Арғы жағында адамның болмысы, өз-өзіне деген қатынасы мен өзгелердің көзқарасына қатысты тәмсіл жатыр.

    Бұл кинодан кейін өзіңе сұрақ қоя бастайсың: Мен кіммін? Бетпердесіз адам жоқ екен қазіргі әлемде. Әлеуметтік желіде басқамыз, өмірде басқамыз, әр түрлі ортада түрлі маска киеміз. Тіпті кейде өз-өзімізге арналған, ішкі "меннің" алдына тағып баратыз бетпердеміз де бар. Шын мәніндегі кім екенімізден шатасып кеткендейміз.

    Фильм бел ортасынан аса бастағаннан кейін Финчердің "Төбелес клубы" мен Бойлдың "Трансына" ұқсастықтар кездестіре бастайсыз. Уақыт өте келе неміс кинематографистерін тіпті плагиат, арзан көшірме үшін айыптай бастайсыз. Бірақ түпкілікті қорытынды жасауға асықпаңыз.

    Картинада ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі мен ақпарат заманында өмір сүріп жатқан адамдардың психологиясы ерекше қарастырылған. Хакерлік шабуылдар мен желідегі түрлі құйтырқы тірліктер қарапайым көрерменге түсініксіз көрінбеуі үшін, сюжеттің осы күрделі бөлігі керемет визуализация арқылы ұғымды формамен жеткізіледі. Бұған техно стиліндегі электронды музыкамен әрленуін қосыңыз, сонда кино авторлары бергісі келген атмосфера толығымен көз алдыңызда жасақталып шыға келеді.

    Фильм кейіпкерлерін де, экран алдындағы көрермендерді де керемет фокус күтіп тұр. Менің кинодан осылайша үлкен ләззат алмағаныма көп болыпты.

Пікірлер