• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Шлагбаум» фильміне жазған рецензиясы

    • — 7 қазан 2015
    • Баға: 6/10

    Фильм түрлі әлеуметтік ортадан шыққан екі адамның ортақ қырына баса назар аударған секілді. Екеуі де белгілі бір мақсатқа жетуді ойлайды. 

    Бірінші жағдайда - күзетші-спортшы. Тұрмыстың тауқіметін тартып жүр, бірнеше жерде жұмыс істейді. Сондықтан да үнемі ұйқысы қанық емес. Інісімен бірге жақсы өмірге қол жеткізгісі келеді. Қазіргі жағдайын уақытша деп қабылдайды. Сонысымен қоймай, сүйікті боксын тастағысы келмейді, халықаралық жарысқа қатыссам мүмкін жағдайым түзеліп кетер деп ойлайды. Бірақ! Күн сайын қайта айналып келе беретін өміріне өзі де бой үйретіп алған секілді. Өмірінде ешқандай өзгеріс жоқ, сол қайталанып жүріп жатқан тіршілік. Әрине бұндай «кішкентай» адамға бірнәрсені тез арада өзгерте салу қиын. Десек те кейіпкердің енжарлығын әдетке айналдырып алғанын көреміз. 

    Екінші жағдайда – байдың баласы. Озық оқу орнында студент. Басқа тірлігі жоқ. Әкесі берген жақсы пәтерде тұрады, әкесі берген жақсы автомобиль мінеді. Десе де түбінде өз күшіммен жетістікке жетемін деп өзінше мінез көрсетіп қояды. «Әкесінің баласы» атануды ар санайды. Бірақ арғы жағында ондай ой жоқ. Себебі стимул жоқ, мотивация жоқ, оның қолында бәрі бар, бәрі дайын. Сол себепті сырттай тәуелсіз бала болуға тырысқанымен, ішкі түйсігі бұның бәрі бос сөз екенін түсінеді. 

    Екеуі өмірде тек шлагбаумның жанынан ғана кездеседі. Біреуі шлагбаум арқылы көлігімен әрлі-берлі өтеді, яғни шлагбаумның қызметін пайдаланады, екіншісі сол шлагбаумның арқасында нанын тауып отыр, яғни шлагбаумға қызмет етеді. Былай қарасаң, екеуін бұдан басқа ешнәрсе байланыстырмайтын секілді. Бірақ екі кейіпкерге ортақ бір қасиет бар – екеуі де өмірін өзгертуге себеп болатындай ештеңе істемейді. 

    Кинокартина сондай-ақ әлеуметтік ортасы мен өмір салтына қарамастан, адамдардың тағдыры бір-біріне байланысты екенін жеткізгісі келген секілді. Мысалы, бір негатив оқиға сәлден кейін сол секілді бірнеше оқиғалар тізбегіне алып келеді. Былайша айтқанда – тізбекті реакция, әлде көбелек эффектісі. 

    Бұл мәселенің түп-төркіні - өзгеге назар аударудан қалғандығымыздан. Өзгені танығымыз келмейді, дәл қазіргі сәтте қажет адамды ғана мойындаймыз. Әр адам өзінше бір әлем екен, жұпыны киінген немесе күзетші формасын киген, сырт көзге біркелкі көрінетін адамдардың әрқайсысы өзінше бір тұлға: біреуі шығыс философиясымен айналысады, біреуі тәп-тәуір боксшы, біреуі суретті жақсы салады. 

    Фильм біртұтас атмосферасымен, әдемі музыкалық әрлеуімен таңғалдырды. Әрине «Шлагбаум» бұқаралық кино сипатына ие бола алмас, бірақ суретшінің айтқысы келген ойын, берер тәмсілін кез-келген көрермен қабылдай алады деп сенемін.

Пікірлер