• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Қара месса» фильміне жазған рецензиясы

    • — 29 қазан 2015
    • Баға: 6/10

    Джеймс "Уайти" Балджер гангстер тематикасын ұнататын кез-келген саналы адамға таныс болуы тиіс. Бостоннан шыққан ең атақты қылмыскер туралы фильм шығады дегелі бері біршама қызығушылық оянғаны рас, фильмнің релизін асыға күтпесек те, көру керек деп белгі қойылғандар тізімінде еді.

    Оның үстіне басты кейіпкерді Джонни Депп сомдайды деген соң ерекше бірдеңе күтесің ғой. Актердің осыған дейін тағы бір атақты бандит Джон Диллинджерді сомдағаны белгілі. Оның гангстер тематикасына қайтып оралуының қызық жайт қой.

    Екі сағатқа созылған фильмде динамика жетіспегендей болды. Бірсарынды өрбитін сюжет аздап жалықтырып жіберген сияқты. Бірінші санаттағы актерлердің қатысқанына қарамастан, олар сомдап шыққан екінші деңгейлі кейіпкерлердің тым көптігі басты нәрселерді аңғаруға, негізгі детальдарға көңіл бөлуге кедергі келтірді. Бұл сюжеттік желіні тарамдатып, түрлі кейіпкерлерге тоқталатындай сериал емес қой.

    "Қара месса" - Скотт Купердің үшінші толықметражы екен. Мен оны "Out of the Furnace" триллері арқылы білемін, және бұл фильмін әзірге "Қара мессадан" жоғары қоямын.

    Қатты гримделген Джонни Деппті де мақсатына жетті деп айта алмаймын. Түрін жасыру үшін әдейі маска киіп алғандай әсер берді. Басты кейіпкерге қатысты ешқандай сезім болмады, әдетте не сол үшін жаның ауырады, не оны жек көріп отырасың. Бұның біреуін де сезіне алмадым. Соңғы 15 минут қана фильмді ақтап алуға аздап себеп бола алатын секілді.

Пікірлер