• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Аштық ойындары: Құйқылжық торғай - 2 бөлім» фильміне жазған рецензиясы

    • — 27 қараша 2015
    • Баға: 6/10

    Төрт фильмге созылған антиутопия да өз ақырына жетті. Кітабы бестселлерлер қатарынан көрінсе де, экранизациясы кереметтей мақтау-мадақтауға бөлене алмады.

    Сонау бірінші сериясынан-ақ бір нәрсе жетіспегендей көрінген. Созылыңқы сюжеті мен бірсарынды өрбуі кері әсер еткен секілді. Бастапқыда тақырыпқа қанықпағандықтаннан ба, әйтеуір мынау неғылған ойын, неғылған персонаждар деп тыржия қалғандардың бірі едім. Бірақ "Тұтанған өрттің" финалында революцияның белгілері қылаң бергенде, қызықтың "көкесі" алда деуге үміт бар еді. Олай болмай шықты.

    Фильмді жасаушылар хронометраждың ұзақтығынан көп қателесті ме деймін. Негізгі атмосфераны кітаптағыдай әсерлі беру үшін детальдарға көңіл бөлгені түсінікті ғой. Бірақ динамиканың жетіспейтінін кәдімгідей байқалады.

    Барлық бөлімдерін көрген адам ретінде айтайын - бір сарында дамыған бүкіл бөлімдерінің фонында ақырғы сериясы бәрібір ерекше. Көпшілігі бұнымен келіспейді, оны түрлі жазбалардан оқып жүрмін. Бірақ осыған дейін баяу жылжып келген франшизадан "бомба" күту де қисынсыз. Сол себепті барлығының ішінде ақырғы бөлімнің айтары да бар, бір саты жоғары деп бағалауға да негіз бар.

    Филип Сеймур Хоффманның мезгілсіз қайтыс болуы екінші "Құйқылжық торғайдың" финалына бірқатар өзгертулер енгізуге себеп болды дейді. Осы бір үнемі күлімдеп тұратын, жүзі жылы актердің соңғы эпизодтарда жетіспей тұрғаны кәдімгідей сезіледі. Сюжет бойынша төңкерістің басты тұлғаларының бірі еді ғой.

    "Құйқылжық торғай - 2 бөлім" - бүкіл оқиғаның қорытындысы. Фильмдер сериясын басынан бастап көріп келе жатқандар лайықты нәтижеге куә болады деп ойлаймын. Соңғы кадрларына қарап әркім өзінше ой түйеді, тиісті бағасын береді.

Пікірлер