• Біздің парақшалар:
  • Galymzhan Orazymbet «Құнанбай» фильміне жазған рецензиясы

    • — 6 желтоқсан 2015
    • Баға: 8/10

    «Құнанбай» Менің көргенім

    Сонымен, көптен күткен «Құнанбай» да шықты. Бардық. Көрдік. Бұрын-соңды фильмге пікір жазбаған, ең болмаса әуесқой кинотанушы болмаған соң талдап тастау қиын екен. Дегенмен, орта статистика өлімшісі ретінде өзім көрген, байқаған жайларымды айтып өтейін.

    Актерлар. Образдар.

    Құнанбай. Досхан Жолжақсынов Құнанбайды жақсы алып шыққан. Тіпті оның Досхан Жолжақсынов екенін бір сәтке ұмытасың. Өз кейіпкерін ойнамаған, сол болып өмір сүрген. Шеберлігінде мін жоқ. Ал Құнанбайдың өзі басқа қырынан танылды маған. Бұрын «Абай жолынан» қатыгез, бірбет, айттым бітті феодалды көрген соң, мына кейіпте көру жаңалық болды. Ойшыл, парасатты, өр мінез болғанымен бетпақ емес, озық ойлы, жауапкершілікті терең сезінетін, оратор тұлға. Қодарға өлім кескенде, Зеремен ақылдасқанда, марқұмды лайықты жерлеңдер дегенде бидің Құнанбайға айтқаны, т.б. оның осы қырларын жақсы аша білген.  Бірқатар көрермен «Абай жолындағы» Құнанбайды көре алмай, тым мейірімді, жұмсақ шығыпты деп те жатқан көрінеді. Құнанбайдың тап қандай болғанын дәл қазір ешкім де айта алмайды. Бұл ең алдымен драматург пен режисердің көзқарасы, бас кейіпкерді қалай танитыны екенін ескеру керек. Әрбір кейіпкер жайлы фильм түсірілгенде ең алдымен ескерілуі керек жайт бұл, меніңше.

    Зере. Ақылды, мінезді, қамқор, терең қазақ әжесін көрсете алған. Актриса Нұрсипат Салықова апамызға мың алғыс. Құнанбайды Құнанбай еткен адамды көруге болады. Зере ең алдымен ақылшы, сүйеніш. Содан соң ғана ана. Ботам-айлап ерітетін емес, қажет болса бір ауыз сөзбен ғана, немесе көзқарасымен ғана ширатып алатын қамқоршы. Ол Қодар мен Қамқа сотында және Құнанбайды Омбыға тергеуге әкетіп бара жатқандағы шығарып салған жерлерінен анық көрінеді. Бұл жерде де актриса рольді ойнамаған, сол рольмен өмір сүрген деп қысқа қайыра салайық. Толығын әркім өзі көре жатар.

    Барақ. Барақ ролін сомдаған Айдос Бектеміров ағамызға да алғыс. Өр мінез қазақ шонжарының бейнесін бере алған. Қанша жерден ру намысы, ел намысы десе де парасаттылықтан, әділдіктен аттап кете алмаған, жеме жемге келгенде «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бауырмал, ірілік таныта алатын тұлға. Құнанбаймен арадағы қарым-қатынастарын тәптіштеп жазбай-ақ қояйын. Фильм жасаушылар бауырмалдықты, ірілікті жақсы насихаттай алыпты.

    Ұлжан мен Абайды фильмнен іздеудің керегі жоқ. Олар фильмде жоқ. Абай жас болды, пәлендей Құнанбайдың образын аша алатын бір жағы болмаған шығар. Бірақ Ұлжанды танытатын тұстар болса деген үміт болды. Бірақ ол үміт ақталмады.

    Өзім ерекше атап өте алатын образдарым мен актерлерім осылар. Басқа актерлер анық көрінбейді. Тіпті бірқатары көңілімнен шықпады да. Олардың ойынын қарап отырып спектакль көріп отырғандай әсерде болдым. Театр мен кино екі бөлек дүние ғой, актер деген аты бір болғанымен. Сондықтан таза кино актерлерін көбірек тартпай, театр актерлерімен сапалы фильм жасаймын деу орынсыз сияқты. Әрине, театрда да, кинода да ойнай алатын актерлер жоқ емес. Бірақ мына фильмде олар аз. Өте аз.

    Киімдер

    Сол заман киімдерінің маманы болмаған соң дұрыс бағасын беру қиын. Бірақ қазақ билерін, сұлтандарын көрсеткенде барлық сән-салтанатын паш ететін шығар, пафос болатын шығар деген ой болған. Ондайын байқамадым. Әркім өз статусына лайық, артықшылықсыз, әсіре салтанатсыз, жинақы киінген. Жалпы костюмдері ұнады. Әйелдер киімі де, ерлер де.

    Дыбысталуы көңілімнен шықпады. Сапасы жақсы деп айта алмаймын.

    Диалогтары сәтті шыққан. Көзбен емес, құлақпен «көретін» фильм жасай алған. Бос, артық сөз байқамадым. 

    Мазмұны.

    Фильм таза қазақ аудиториясына арналған. Неге Голливуд бағындырмайды? Тұрсыновтан қай жері кем? - деген сұрақтар артық. Негізі Тұрсынов фильмдерінің де сол жаққа өтетініне күмәнім бар. Дені дұрыс бір фильмін айта алмаймын. Мейлі, тақырыптан ауытқымайық. Жалпы фильм Құнанбай арқылы қазақияны ашу, дәріптеуді көздеді ме,  әлде қазақшылық, қазақы дүниетаным арқылы Құнанбайды танытуды мақсат тұтты ма, дөп басып айту қиын. Шет ел фильмдерінде басты назар кейіпкерге, тұлғаға бөлініп, ұлты, азаматтығы, басқасы соны ашуға қызмет етіп тұратын болса, бұл жерде екі жақ бір-бірін толықтыруға тырысатын сияқты. Тіпті кей жерінде Құнанбайдың өзі ұлт болмысын насихаттауға қызмет етіп кеткендей болды. Жалпы, Құнанбай да ашылған, фильмнің өзі де тұнып тұрған қазақия. Тіпті драматург пен режисердің миы фильмді қалай толтырамыз деп емес, осының бәрін қалай сыйдырамыз деп қатқанға ұқсайды. Әрбір көрінісінде әйтеуір қазақтың, салттың, дүниетанымның бір қырын көрсетіп қалуға тырысқандай. Сондықтан да көріп отырып сәл де болса босаңсу мүмкін емес. Келесі бір сәтте нені өткізіп аламын, назардан тыс қалдырамын деп мұқият қарап отырасың.  Драматург ең алдымен бұл дүниені өзінің деңгейіне жеткізуге қатты тырысқан ба дедім. Жеткізе алғанын-алмағанын драматург пен қазақияны тереңірек танитындар айта жатар. Мен үшін мазмұны мағынаға толы, шектен тыс мағыналы болып көрінді. Қорыту үшін де көп оқу керек, көп білу керек. Жеке сәттерге тоқталайын енді.

    Жартылай жалаңаш әйелдің арқанды тіспен шешіп, түйе алу көрінісі. Батыл қадам. Қазіргі діндары көп, ұраншыл ұлтшылы көп қазақ қоғамында қалай қабылданатынын, сыналатынын, теріске шығарылатынын авторлар білмеді дегенге сенбеймін. Н.Хлудовтың картинасы әлеуметтік желілерде қалай талқыланып, қалай сотталғаны есімізде. Соны көріп, біліп отырып олар қоғамға бейімделуді емес, негізгі мақсаты – сол қазақ дүниетанымын толық беруді алдыңғы орынға қойған сияқты. Оны сәтті жасай алды да. Қолдаймын.

    Қодар мен Қамқа соты. Әрине, бұл инцест. Сонау ескі заман түгілі қазіргі заманда да көпшілік айыптайтын, қылмыс санайтын қарым-қатынас түрі. Ал ол заманда екеуіне осындай үкім айтылғанын айыптау да қиын. Маған қызық болған тұсы басқа. Құнанбай үкімді өзі шығармады. Билер сотына салды. Фильмде екеуін өлімге қимайтыны, басқа жолдарын іздегені жақсы көрінеді. Тіпті алғаш естігенде сенгісі келмей, толық көз жеткізгісі келгені де содан болса керек. Екінші бір сәт – үкім шығаруда алдымен ата заңға, ескі салт-дәстүр заңына сүйенгені. Билерге тарихымызда осындай жағдай болып па еді, соны біліңдер. Болса, үкімі не екен деп өтініш айтады. Тек ондай жағдай табылмаған соң ғана шариғатқа жүгінеді. (Қазақта болмаған, немесе оған дейін білінбеген қылмыс болса, қайтсін енді).  Яғни, ата заңды шариғат заңынан жоғары қойып тұр. Қажы барып, ол жақта мешіт салдырған, аузынан Алласы түспеген тақуа Құнанбай бұл.

    Керей мен Қаракесек дауы. Бұл жерде адам өлімі бар. Қанға қан принципімен қарсы жақтан кісі өлімін талап етсе де болар ма еді. Бірақ сол жердегі сөзі тіпті керемет. Қанға қан деп өзеуреген билерге: сендерге рудың намысы деген сөз, абырой керек. Ал жесірдің жайын кім ойлайды?- деп, мәселені құнмен, ең бастысы ақылмен шешкен тұсында БРАВО! деп  дауыстап жібере жаздадым. Құнанбайдың тереңдігін осы жерімен-ақ көрсетіп бере алған.

    Жалпы Қодар соты мен рулар арасындағы сотта бір тұсы қызық көрінді. Алдыңғысында үкім – өлім жазасы болды. Кейінгісінде – малмен құн төлеу. Бірінші жағдайда үкім шариғатқа сүйеніп жасалды. Екіншісі – ата заңға, дәстүр заңына сүйенді.  Гуманизм тұрғысынан қарасақ, ата заңда ол басым, тіпті таза гуманистік сипат бар. Ал шариғат қатал. Зина – өлім. Саған қазіргі заманда отырып үкім айту оңай деушілер табылып жатар. Бірақ екі оқиға да сол кезде болып, екі үкім де сол заманда айтылғанын ескеру керек. Сонымен бірге Қодар мен Қамқа ісінде өлімнен басқа да үкім түрі болды – елден аластау. Бірақ шариғатқа салып жібергенде ол далада қалды. Ал шындап келгенде екінші жағдайда өлім жазасы болса да ешкім пәлен деп соттай қоймас па еді. Бірақ, бұл жерде мәселе үкімге негіз болған құралда болып тұр.

    Айтқандай, Құнанбай тергеліп жатқанда ана бір тілмашты жақтырмай отырғам. Атаңалет, құйыршық. Осыдан басқа нан табатын кәсіп қалмады ма дегендей. Эмоция ғой енді. Ал Құнанбайдың соңғы төгіп-төгіп тастаған соңғы сөзін аудара алмай, қандасын жамандыққа қимай қиналған кезінде: Әп, бәрекелді! Осылай болуы керек еді ғой,  - деп мәз болып қалдым. Арқаң шымырлап кетеді екен. Құнанбай мен Барақтың қимастығындай емес демесең, ол да мақтауға лайық әрекет. Мүмкін пара пар да шығар. Сол үшін де драматургке салауат. 

     

    Бұл фильм қазақ кинематографиясының алтын қорына кіре алады ма, оны нақты айта алмаймын. Кіреді деген сенімім басым. Қалай болғанда да көруге тұрарлық, әркім-ақ көруі керек дүние деген оймен шықтым. Ал фильмді көріп шыққаннан кейінгі алғашқы әсер осылай. Әлі толық қорытып бітпедім. Бір рет көріп, қорытып алатын фильмге ұқсамайды. Сол үшін әлі қайталап көрермін. Мүмкін кей байқамай қалған тұстарымды көріп, толықтырармын.  Бір жері туралы пікірім де өзгерер. Әзірге осы.

Пікірлер