• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «5-ші толқын» фильміне жазған рецензиясы

    • — 21 қаңтар 2016
    • Баға: 6/10

    Фильм тым жақсы басталып еді. Алғашқы жартысы өзге әлемнен келген бөтендердің Жерді кезең-кезеңмен жаулап алу процесін баяндайды. Бастапқы қарқынына қарай отырып, соңына дейін шиеленістен үзбейді, экшнға толы әдемі кадрлар болады деп күтесің, жойылу алдында тұрған адамзаттың шешуші шайқасын елестете бастайсың. Бірақ қимылдаудың орнына бір-бірімен қарым-қатынастарын талқыға салған жасөспірімдерді көріп, диалогтардың жалпы атмосферамен қалай қинасаң да үйлеспейтін өрбісіне қарап мырс-мырс күлумен болдық.

    Фильмге негіз болған шығарманы оқыған емеспін. Бірақ бестселлер де соншалықты дарынсыз жазылды дегенге аса сенбеймін, әйтпесе бестселлер атана ма ма?

    Хлоя Грейс Морец болмаса, қалғандарының ойыны көңіл көншітпеді. Лив Шрайбер атымен ғана ерекшеленіп тұр, оған назар аударуға қажетті экрандық уақыт та бөлінбеген. Көрермендердің көңілін жібітеміз деп артық тырысып жібергендей әсер береді, әйтеуір сентиментке ұқсас сәттер көп, бірақ өзі жоқ. Яғни актерлер өз бастарындағы қайғылы оқиғаларға сендіре алмады, ал көрерменді қуантуы тиіс сәттер кері реакцияға ұшырап жатты.

    Тіпті осы сәтсіз іске асырылған моменттер әдейі көңіл көтеру үшін жасалған ба, әлде шынымен нашар жұмыстың нәтижесі ме деп екі ойға қалдырады.

    Сюжеттің өрбуі мен оқиғалардың баяндалуын ескерсек, бұл экранизация кинодан гөрі, сай-фай сериал үшін керемет жарасар еді. Оның үстіне бұл жанрдың телевидениеде қазір дәуірі жүріп тұр.

Пікірлер