• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «16 қыз» фильміне жазған рецензиясы

    • 16 қыз
    • 2016
    • Рейтинг: 6,429
    • Дауыс саны: 7
    • — 3 наурыз 2016
    • Баға: 7/10

    Қанағат Мұстафиннің кинодағы екінші толықметражын көре отырып, еріксіз түрде Ермек Тұрсыновтың "Кемпірімен" салыстыра бастайсың. Оған себеп те жетеді: ауылдың жайдар мінезді тұрғындары, Алматыға үлкен мақсатпен сапарлау, оңтүстік астананың әсем жерлерін аралау, ретромашина ("16 қызда" - "Волга", "Кемпірде" - "Москвич"). Жалпы фильмнің атмосферасы тұрғысынан алсақ та, екеуінің ортақ тұстары көп. Бірақ Қанағаттың еңбегін бәрібір жоғары қоямын. Неге? Түсіндірейін.

    Естеріңде болса, Ермек Тұрсынов "Кемпір" жобасы туралы айта бастағанда, Совет заманында қалыптасқан қазақ киноклассикасына құрмет ретінде сапалы комедия түсіргісі келетінін айтқан еді. "Кемпірді" қоюдағы мақсат - отбасы болып көруге тұрарлық, бүгін ғана емес, келешектің ұрпақтары үшін де көрілімді бола алатын мейірімді фильм жасау еді. Тіпті, халықтың сүйіктісі "Тақиялы періштеге" сілтейтін бір көрініс те әдейі кинокартинада қолданылды. Бірақ, қандай себептер әсер еткенін білмеймін, Тұрсынов қойған мақсатқа сәл жете алмай қалды. "Кемпірді" еске алатындарды да айналамнан көріп жүргенім жоқ қазір.

    Мұстафин де кинотарихымыздың алтын кезеңі деп атауға болатын 60-70 жылдарға құрметпен қарайтынын көрсетті. Бұл сюжет өрбісі мен кейіпкерлердің сөйлеу стилінен кәдімгідей байқалып тұрады. Оның үстіне саундтрек ретінде қолданылған "Досмұқасан" ансамблінің ретроәндерін қосыңыз. Оқиға қазіргі заманда өрбиді демесеңіз, атмосферасы әке-аталарымыз өмір сүрген тыныш, уайым-қайғысыз әлемге топ еткізеді.

    Сюжет құрылымының жинақылығы, барлығы ой елегінен өткізіліп құрылғаны көрініп тұр. Әрине, созылыңқы тұстары кездеседі, бірақ бұл жалпы құрылымға аса әсер етпейді. Сюжет барысында өрбитін әрбір оқиғаның басы мен логикалық шегі айқындалған. Қысқасы, сценарийдің атүсті жазылмағаны, бәрі кинематографтың заңдылықтарын ескере отырып жасалғаны көрінеді.

    Актердің талантын ашуға өзі сомдайтын рөлі емес, режиссер қоятын талап көп әсер ететінін уақыт өткен сайын анық түсініп келемін. Иә, Берік Айтжанов қазір телеэкранда да, кинода да көп. Сондықтан ба, кейде ол қатысқан жобаларды тез ұмытып қалатын жағдайға жеттік. Бірақ "16 қызда" бұрынғыдан өзгешелеу Берікті көрген сияқтымын. Жалпы актерлік құрамның сәтті таңдалғанын байқаймыз.

    "Тақиялы періштені" классика дейміз ғой. "16 қыздың" да соның қатарына кіруіне толықтай құқығы бар деп есептеймін.

Пікірлер