• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Крид» фильміне жазған рецензиясы

    • Крид
    • 2015
    • Рейтинг: 7
    • Дауыс саны: 1
    • — 30 мамыр 2016
    • Баға: 7/10

    Роккидің мұрасы

    Әдетте, әп-әдемі франшизаны созғылап, олай да бұлай тартқылап сәнін кетіретіні бар. "Роккидің" спин-оффы шығады дегенде осындай қауіп болғаны рас.

    Бұны тек спин-офф деп қана емес, Рокки хикаясының тікелей жалғасы деп те қарастыруға болады. Өйткені, "итальян арғымақтың" бейнесі кей тұстарында басты рөлдегі Майкл Б. Джорданның өзін алдын орап, алдыңғы орынға шығып кете береді.

    Сильвестрдің орындауындағы өзіміздің чемпион кәрілік шағын жалғыз өткізіп жатыр. Баласы Ванкуверге кетіп қалған (білетін шығарсыздар - "Рокки 5" фильмінде ұлын ойнаған Сейдж шынымен Сталлоненің баласы, 2012 жылы қайтыс болды), маңайындағы жақсы көретін адамдардың бәрі о дүниелік болып кеткен, қарияның өзі де солардың артынан аттанып кетуге кетәрі емес. Алайда кенеттен пайда болған жас боксшы оны бапкерлікке оралуына көндіреді.

    "Рокки" фильмдер сериясы - дәстүр бойынша спорт пен төбелесті, рингтегі жеңісті емес, бірінші кезекте ерік-жігерді, адамның өмірмен күресін дәріптейді ғой. Жаңа фильмді жасаушылар да сол дәстүрді ту ғып ұстап, қалыптастан канонға құрметтерін көрсете білді. Дей тұрғанмен, уақытпен сыналған сәтті амал-тәсілдерге жабысып алмай, фильмге жаңа сарын, ерекше рең беруге тырысқан.

    Басты актерлер өз рөлдерін өз деңгейлерінде алып шықты деп ойлаймын. Картинаға қолданылған музыкалар да керемет. Әсіресе, Роккидің басты әуенін сәл жаңалап, оны сәтті жерінде қолданғаны фильмге ерекше эффект береді. Мен аңғал, қарт Роккиді көргеніме өз басым қатты қуандым. Бірақ ол енді тарих екенін киноның тілімен жеткізеді. Ол аңыз, спорт жұлдызы, бірақ енді жастардың уақыты. Ашық мәтінмен жеткізбесе де, "менің мұрамды қабыл алыңдар, енді ол сендердің сүйіктілерің болуы тиіс" дегендей болады Сталлоне.

    Несі бар, Роккидің мұрагері де сәтті таңдалған секілді. Фильмнің жалғасын көргім келеді.

Пікірлер

  • Билл Контидің Рокки Бальбоаға жазған музыкасы маған да ұнаушы еді. Сол әуеннің жағарған нұсқасын тыңдау үшін де қарауға болады))

  • Көріңіз-көріңіз :)