• Біздің парақшалар:
  • Private Rayan «Патшаға арналған голограмма» фильміне жазған рецензиясы

    • — 8 қыркүйек 2016
    • Баға: 8/10

    Бірсарынды, мамыражай, жанға жайлы түс көрген кезіңіз болған шығар? Тіпті оянған кезде өкінген боларсыз.  Ал егер бұл фильм болса ше? Том Тыквердің жаңа туындысы сізді дәл осындай атмосферасымен, әдемі кескіндерімен, бірқалыпты оқиғалар желісімен баурап алады. Рас, бұл жолы оның «Парфюмер» және «Бұлтты атлас» фильмдеріндегідей масштаб жоқ, тіпті динамика жетіспейді деуге болады. Көбісінің іші пысуы да мүмкін, бірақ бәрібір киноны соңына дейін көріп шығуға кеңес беремін.

    Фильмнің басында қым-қуыт тірліктен әбден қажып, жүйкесі жұқарған Алан Клейді (Том Хэнкс) көреміз. Біраз жасқа келгенде бизнесте сәтсіздікке ұшырап, тауы шағылған Хэнкс «суға кеткен тал қармайдының» керін келтіріп Сауд Арабиясынан бір-ақ шығады. Ол шаруасын жылдам бітіріп, таңсық елден тез арада тайып тұруды ғана көкседі. Оның елге келген кейінгі таксиспен алғашқы диалогынан-ақ екі мәдени «қақтығысты» көруге болады.  Шала танысып үлгерген жігіттің оған жеке өмірін жайып салғаны, жайбарақаттығы, ескі танысындай өзімсінуі оны аздап үркітеді. Әркім өзінше томаға-тұйық өмір сүретін батыс салтының адамына мұның бәрі жат еді. Бірақ жоспары іске аспай, сапары ұзаққа созылған Алан біртіндеп айналасына үйренісе бастайды, әлгі таксиспен достасып та алады. Себебі адамдар қаншалықты әртүрлі болса, соншалықты бірдей. Дүниенің қай бұрышынан болмасын, әр адам түбінде жан жылуын, баянды табысты, бақытты отбасын аңсап тұрады. Алан енді бұрынғыдай қу тіршіліктің қамын қумай, дүниеге деген көзқарасын өзгерте бастайды...

    Фильмдегі либералды шығыс әйелінің образы мен үшін жұмбақтау болды. Жалпы мұндай құбылыс қазіргі Сауд Арабиясында мүмкін бе деген сұрақ келді маған. Бірақ батыстанып кетсе де, іштен тынып жүргендері қаншама деп ойлаймын. Батыл араб әйелінің рөлін үнді текті британдық актриса  ойнап шыққаны заңды еді (жалпы фильмдегі нағыз араб актерлер саусақпен санарлықтай сияқты).

    Басты кейіпкердің жеке басындағы метаморфозалар, араб әйелінің тәуелсіз өмірі фильмнің сценарийі негізге алған кітапқа деген қызығушылығымды оятты. Оған кезінде Том Хэнкстің өзі жоғары баға берген деседі. Міндетті түрде оқып шығамын деп шештім.

    «Патшаға арналған голограмма» фильмі көрерменнің ыстық ықыласына ие болды деу өтірік болар, прокаттан да көп пайда түсірмеген.  Баяғы блокбастерлердің көлеңкесінде қалып қойған шығар, өкінішті...

     

    Қояр бағам:  8/10

Пікірлер