• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Әмбебап өлік адам» фильміне жазған рецензиясы

    • — 25 қыркүйек 2016
    • Баға: 7/10

    "Өлген адам сөйлемейді" (с) "Менің атым Қожа"

    Апта сайын топырлап шығып жатқан, тек қана кассалық мақсатты көздейтін киножобалардың арасында осындай жақұттар елеусіз қалатыны өкінішті.

    Фильм блокбастерге үйренген қауым үшін абсурд пен қияли дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ақыл тоқтатқан, санасы ояу көрермен қабылдай алмайтындай күрделі де емес. Артхаусты тек таңдаулылар көруі тиіс деп кім айтты?

    Сюжетте суы да, өсімдігі де жоқ құрғақ аралға тап болған Хэнк туралы баяндалады. Жалғызсырап, әрі аман қалатынына сенбеген ол өмірмен қош айтыспақ болады. Бірақ оның бұл әрекеттен бас тартуына жағаға ығып келген әлдекімнің мүрдесі себеп болады. Өлік демесеңіз, жалғызбасты Хэнк үшін пайдасы ұшан-теңіз болып шығады. Пышағы, қақпақ ашары, қайшысы мен басқа да құралдары біріктірілген швейцар бәкіні білетін шығарсыз? Сондай әмбебап құрал дерсің, құдды. Өлген адам сөйлемейді? Сіз онда Мэнниді әлі кездестірген жоқсыз.

    Бірақ айтпағым ол туралы емес. Бұл киноның жай сыртқы фабуласы ғой. Өлік Мэнни көп нәрсеге көрерменнің көзін ашып, көзқарасын өзгертуге тырысады.

    Жалғыздық туралы. Жалғызсырамайтын адам жоқ тәрізді. Қанша жерден беделді, қанша мыңдаған туыс-достарымыз болса да, іштей бәрібір жалғыздықты сезетін кездер болады. Өзіңе жақын адамды, түсінетін бауырды іздеу осындайдан басталатын тәрізді. Ал іздеген қашан да табады, мейлі ол өлік болып шықса да.

    Өз сәтіңді жіберіп алмау туралы. Хэнк апатқа ұшырағанға дейін жуас, батыл емес адам еді. Күн сайын автобустан бір қызды көретін. Оған ғашық болады. Бірақ оған жақындауға, сезімін айтуға қорқады. Тіпті онымен тілдесуді мақсат етпейді. Жай сыртынан бақылап, армандаудың өзін қанағат тұтады. Мэннидің арқасында ол осы кемшіліктерін біледі. Біз көп мүмкіндіктерімізді батылсыздығымыздың кесірінен жіберіп аламыз.

    Стереотиптер туралы. Біз көп нәрсені сол күйінде қабылдаймыз. Неге олай, неге басқаша емес деп ойлана бермейміз. Бұған қоршаған ортаның пікірі де әсер етіп жатады. Мысалы, жұрт көзінше артымыздан жел шығармаймз ғой. Ұят. Бірақ, неге? Газдың ешкімге зияны жоқ қой? Тек солай қалыптасып кеткен - өзгелердің алдында жел шығаруға болмайды. Бар болғаны осы ғана. Иә, мүмкін сәтсіз мысал шығар, бірақ көп нәрселерді біз өзгелердің көзқарасына бола жасаймыз/жасамаймыз.

    Басқа да бойға сіңіруге тұрарлық ойлар жетерлік фильмде. Дэниел Рэдклиффті де өлік образында көру бір қызық. Өмірге деген көзқарасыңды жаңартуға себеп бола алатын сирек дүниелердің бірі екен.

Пікірлер