• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Тараз» фильміне жазған рецензиясы

    • Тараз
    • 2016
    • Рейтинг: 7,857
    • Дауыс саны: 7
    • — 13 қазан 2016
    • Баға: 6/10

    Әлеуметтік аспектілері бар кылмыстық мелодрама

    Баспасөз конференциясында бір журналист Адамбаевтан: "Тараз туралы фильм неге қылмыстық драма жанрында?" деп сұрады. Сонда Адамбаев: "Тараз туралы басқа не түсіруге болады, комедия бұл қалаға жараспайды" деген сыңайда жауап берді. Шынымен де, Тараз десе бірінші көз алдымызға криминал келетіні рас қой. Өзім де бір рет болғанмын бұл шаһарда - кварталдары аздап тоқсаныншы жылдарды еске түсіретін, тұнжыраған қала.

    Адамбаевты бұл кинодан алғаш көргенде - бәрі стеб үшін жасалған секілді, қазір Нұртас күліп жіберетіндей болып көрінуі мүмкін. Бұндай сезімді алдыңғы жобалардың тек қана комедия мен романтикалық мелодрамадан тұрғандығымен және осы кісіні тек аталған жанрлардан көріп, көз үйреніп қалғандығымен байланыстырдым. Бұл Нұртас Адамбаевтың және оның компаниясының салмақты тақырыптағы алғашқы жұмысы. Өзі де бұл фильмнің "қылмыстық-әлеуметтік драма" екенін айтып өтті.

    Режиссер флешбекті әдемі қолданған. Міне машина келе жатыр. Ішінде бес адам. Камера әр адамның бетіне үңілген кезде оның мини-өмірбаяны көрсетіледі. Жалпы, фильм барысында ауық-ауық флешбектер ұшырасып тұрады және бұны тым баттастырмай, ара-жігі ажыратылып дұрыс берген. Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманатында" бұл тәсілдің қолданылуы аса ұнай қоймап еді, мысалы.

    Флешбектер арқылы әр кейіпкермен қысқаша танысып аламыз, әр кейіпкердің негізгі сюжетке арқау болған ортақ проблемадан бөлек жеке бас мәселелері де жетіп артылатынын көреміз. Режиссер де көрерменді оларға бой үйренісіп, солар үшін жанкүйер болуға алдын-ала үйретіп алған тәрізді.

    Атауы "Тараз" болғанымен, локацияның барлығы Таразда орналасқан деуге болмайды. Иә, Тараздың камеосы бар, бірақ фильм қала жайында емес. Кинодағы оқиға кез-келген елді мекенде орын алуы мүмкін еді. Ондағы проблемалар мен айтылған ой да Қазақстанның кез-келген тұрғынана тән. Тараздың бүкіл елге мәлім криминал "атақ-абыройы" тек фильм атмосферасына әр бере түседі, сюжеттің дұрыс таңдалған фоны бола алады. Жалпы сценарийдің формасы дұрыс ойластырылғаны көрініп тұр. Ол үшін Адамбаевқа тағы да рахмет.

    Фильмнің актерлері де дұрыс таңдалған секілді. Иә, Еркебұланда аздап асыра ойнау бар, бірақ сынға алатындай қатты емес. Байқасаңыз, бұл типаж Еркебұлан Дайыровқа жат емес. "Шлагбаум" драмасында да ол жолы болмай жүрген боксшыны сомдап еді. Бұл жерде де сол. Қайталама рөл туралы айтқан екенбіз, тағы бір адамға назар аударалық: Алдабек Шалбаевты да ұқсас рөлде екінші көруім. Жаңағы айтқан "Шлагбаумда" "мажор" ұлы бар авторитетті сомдап еді ғой. "Таразда" да бұл рөл қайталанады. Отандық мэтрлерден Райхан Айтқожанованы да көзіміз шалды.

    Нұртастың айтуынша, Асан Мәжит сомдаған рөл осы актер үшін әдейі жазылды. Сондықтан кейіпкердің аты да сол Асан болып қалыпты. Бұл оның үлкен кинодағы дебюті және сәтті дебют. Үлкен киноға қадам басқан тағы бір адам бар - ол Гүлназ Жоланова. Режиссер де бұл рөл үшін аса көп таңдау жасап жатпастан, рөлді бірден осы қызға ұсыныпты. Қысқа эпизодтарда Жандос Айбасов пен Кәмшат Жолдыбаеваны, Назар Сұлтанбаев пен Нұржан Садыбековты көреміз. Бұлар киноның жұлдызды құрамын жасақтау үшін алынды деп есептеймін, оларды басқа да актерлермен алмастырсақ пәлендей айырмашылық бола қоймас еді.

    Фильм алғашқы минутынан-ақ көрерменін күрсіндіріп, өмірдің қорқынышты сәттерін көз алдымызға әкелетіні түсінікті болады. Дегенмен, Адамбаев күлкілі моменттерді де ұмытпапты. Бұл да біртүрлі әсер береді - кейіпкердің тағдырына жүрегің ауырып, тұнжырағаның сол, бір езу тартқызар қызық пайда бола қалады. Бұл әдейі істелген амал ма, әлде комедияның маманы криминал түсіргенде бәрібір бұрынғы жұмыстардың ізі қала ма - оны анық ажыратып айту қиын. 

    Сценарист оқиғаны барынша өмірге жақын еткісі келген шығар, диалогтарда боғауыз бен балағат сөздер көп. Олардың барлығы телевизиялық "пип-пиптермен" бүркемеленген. Пипылдаған дыбыстар кейде ерекше көп қолданылады, сол себепті тым асырып жіберген жоқ па өздері деп ойланып та қалдым.

    Арнайы эффект, компьютерлік графика деген мүлдем жоқ. Фильмнің әлеуметтік аспектілері де осындай шынайы кадрлар арқылы ерекшелене түссе керек. Кейіпкерлермен бірге жүгірген камера да, статикаға қондырылып түсірілген кадрлар да өз орнымен қолданылған. Бұл да атмосфераның тиісті сәттерін қажетінше бере алды. Қылмыстық киноға тән музыкалық эффектілері де шиеленіскен, конфликт алдындағы сәттерге ерекше әсер қосады.

    Музыка демекші, интершумда "Ninety One" мен "Orda" музыкалық ұжымдарының әндері естілді. Бұл режиссердің аталған топтарға деген құрметінен шығар деп түйдім.

    Ал, негізгі саундтрек ретінде таңдалған Ғалымжан Молданазардың лирикаға толы "Сағым" композициясына қатысты премьераға дейін сұрақ тауындағаны рас. Өйткені, фильм қылмыстық драма, ал музыка романтикаға жақынырақ. Фильмнің финалында бұған да жауап тапқандай болдым. 

    Криминал, криминал дейміз, бірақ Адамбаев сәтсіз махаббат пен романтика тақырыбынан бәрібір алысқа ұзай алмапты. Криминал ғашықтық пен сүю оқиғаларын - ашық күнді көрсетпей жауып қойған терезенің пердесі секілді бүркеп жасырып тұрғандай болады. Ең қуаныштысы сол - соңында перде ашылады. Сондықтан да шығар, "Тараз" қылмыс пен драма элементтері бар мелодрамалы триллер әсерін берді. Міне, осындай бір симбиоз.

Пікірлер