• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Пойыздағы қыз» фильміне жазған рецензиясы

    • — 3 қараша 2016
    • Баға: 6/10

    Фильмге арқау болған шығарманы оқыған емеспін, бірақ авторы әйел екенін байқау қиын емес. Жазушы оқиғалардың өзегін тұрмыстық проблемалардан алады, сондықтан да осындай отбасылық триллер пайда болды деп есептеймін. Қате түсінбеңіз - отбасы болып жиналып көретін триллер емес, отбасы мәселелерін сөз қылатын триллер.

    Фильмнен әйелге көрсетілетін зорлық-зомбылықты, еркектердің үстемдігін сынау месседжін ұққандай болдым. Дамушы елдер тұрмақ, феминизм кеңінен етек жайған, гендерлік теңдікті мықтап сақтайтын Батыстың өзінде әйел құқығы үнемі сақтала бермейтіні туралы мәселе көтеріледі (шығарма оқиғасы Англияда, экранизация оқиғасы АҚШ-та болады). Басқаларды білмеймін, менің фильмнен осыны анық көрдім.

    Бұл айтылғандар картинадағы негізгі емес, астыртын жеткізілген ойлар ғой. Ал негізгі сюжеттен түйгенім - бір көргеннен шешім шығаруға, қорытынды жасауға асықпа. Адамның осы бір әлсіз тұсын қабат-қабат сюжеттік шешімдермен, шытырман оқиғалармен көрсетіп береді.

    1. Адам туралы ой қалыптастыруға шеберміз ғой. Әсіресе, ол туралы жаман ойлағымыз келсе, бір көре салып шешім қабылдап, үкімін шығарып тастаймыз. Кейде тіпті біреудің айтқан сөзі-ақ жеткілікті болып жатады. Ал, шындығында - Шрек айтпақшы - адам болмысы "пияз сияқты көп қатпарлы". Қатпарларын ашқан сайын жаңа қабат пайда болады. Өзім де бәлен жылғы достарымның кейбірінен осыны байқаймын - әр кездескен сайын жаңа қырына, жаңа сырына қаныға түсемін, жаңадан тани түсемін.

    2. Адамды сынауға да шеберміз. Бір әрекетіне бола бүкіл еңбегін жоқ қыламыз, барлық жақсы жағын өшіріп тастаймыз. Оған соңғы уақыттағы "Ninety One" дауы мысал - түріне қарап-ақ жыныстық бағдарына дейін анықтап тастадық.

    Ал шын мәнінде бұл әрекетқа қалай барды, не итермеледі, қандай себебі болды - бұның бәріне жауап табуға болады. Ішкі жанына үңілу, түсіне білу және төзе білу - міне адамдар арасындағы гармонияның кілті.

    3. Фантазерміз. Көзіміз көре алмаған тұстарын ақыл-оймен жалғап әкетіп, толықтырып аламыз. Адасу да осыдан басталатын тәрізді. Бұлардың барлығын бір адамның бойына жинасақ, жаны ауру адамды көре аламыз.

    Демек, әрқайсымыздың да бойымыздан бір-бір рухани науқасты табуға болатын секілді ғой :)

    Фильмде психологиялық шиеленісті жұлдыздардан құралған актерлік топ жақсы алып шықты деп есептеймін. Әсіресе, Эмили Бланттың тағы бір шебер қырын көрдік.

    Оператордың бетті ірі планмен жиі ала беретін тәсілін түсіне алмадым. Кейде тіпті әртістер экраннан шығып кетіп, бетіңе бетіңді тақап тұрып сөйлеп жатқандай әсерде болдым. Мүмкін осылайша эмоцияларды, күйзеліс пен қайғыны көрсеткісі келген шығар. Бірақ актерлер нашар ойнаған жоқ, онсыз да алып шығар еді.

    Кейбір деталдарға екпін қою ұнамады. Мысалы, диалог кезінде ашылып қалған ышқырға көңіл бөлудің не қажеті бар? Бәлкім екі кейіпкер арасындағы жасырын құштарлықты нақтылап өткісі келген шығар, білмедім.

    Фильмнің созылыңқылығы мезі қылды. Кіріспе қажет, кейіпкерлерге тоқталған дұрыс. Бірақ бәрібір осының бәріне фильмнің тең жартысы кетіп қалыпты. Мазмұнына нұқсан келтірмей қысқартып беру амалдарына дұрыстап көңіл бөлсе мүмкін хронометражды азайтуға болар еді деп ойлаймын.

    Қорытынды - Отбасыларыңызға берік болыңыздар, бір-біріңе берген сенімді ақтаңыздар, гармонияға ұмтылыңыздар :)

    Сайтта 6,5/10 деген бағаның жоқтығы өкінішті :)

Пікірлер