• Біздің парақшалар:
  • Джек Шепард «Жолаушылар» фильміне жазған рецензиясы

    • — 22 желтоқсан 2016
    • Баға: 8/10

    Бауырым-оу!!!

    Күйбең тірлікте өзің сияқтылармен қарым-қатынаста қайталана беретін эпизодтар, сезімдердің палитрасы, фидбәктің қарапайым формалары ұшы-қиыры жоқ аспан әлеміндегі кеңістікте айрықша қажеттілік. Екіұдай күй кешіп, жындану алдындағы фазада эгоизмің дегенін істетсе – жан тәттілігіне тағы бір мысал, демек. Эгоңды қанағаттандырғаныңмен, таяқтың екінші бір ұшы бейкүнә біреуге тиіп, парам-парша қылуы мүмкін. Насыбайға бола өкпелей салатын көңілді жыққың келмейтіні, табиғаттан бойға дарыған құлшыныс, алай-дүлей сезім шыр айналдырып, түрлі құзға итермелегенде бойыңдағы адами қасиеттердің сафынан айрылып қалмасаң – тарыққанда жол сілтер компасың ол.

    Адамға тән атрибуттардың ішіндегі көңілжықпастық, адалдық, жасампаздық сияқты компоненттер вакуумда, тіршіліктің қайнар көзінен алшақтау кеңістікте адами кейіптің деградацияға ұшырай қоймауға көмекші. Қиналғанға медеусің, зарыққанға мұңдассың, тарыққанға жол сілтеушісің. Адамға деген махаббат отың өшпесін тек.

    Ойлап қарашы: Барсакелмес вояжына премиум артықшылығы бар билетің бар, не ішем, жейм демейсің, киімің, көңіл көтеруге қажетті инфрақұрылымың толықтай сайлаулы... Ал бірақ кәп-кәдімгі жылы сөзге... тіпті, қыршаңқы, қатаң сөзге зәрусің. Басқа салмасын... Ал салса... жынданып кетпеу үшін тоқетер амалға ұрынбаққа оқталасың. Ол құйтырқы да жымысқы айлаңа бұрағыш пен кемпірауыз барына шүкір де... шүкір де...

Пікірлер