• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Қорғаушылар» фильміне жазған рецензиясы

    • — 25 ақпан 2017
    • Баға: 5/10

    Комикс және кино, және солардың бірігуі нәтижесінде пайда болатын кинокомикс бағыты интертеймент саласынан ойып тұрып орын алады. Иә, кинокомикс көбінесе көңіл көтеруді, жеңіл-желпі көңіл-күй сыйлауды мақсат етеді. Алайда, бұл факт оған жеңіл-желпі қарауды әсте білдірмейді.

    Ағайынды Андреасяндар Ресей мен ТМД аумағында тұңғыш болып кинокомикс жасау идеясын іске асырмақ болған кезде дәл осы тұсына баса көңіл бөлмеген секілді. Жарайды, киносын әупірімдеп жасады, бірақ комикс қайда?

    Посткеңестік елдерде комикс дәстүрі қалыптаспағаны белгілі. Сондықтан, кинокомикс шығару, ол аз десеңіз оны комикссыз шығару үлкен тәуекел еді. Тіпті комиксы болған күннің өзінде бұл құбылыстардың барлығы бізге жат, тек Америкаға ғана тән дәстүр болып көрінетіні рас. Сондықтан, көрермен отандық суперқаһармандарға әлі дайын емес еді, әсіресе Marvel мен DC-дің озық үлгілерін басты бағдар етіп алу көрермендер тарапынан әрі күлкі, әрі ашу шақырды.

    Десек те, бұл тақырыпта фильм жасауға ешкім тыйым салған жоқ, режиссер не түсірем десе де өз еркі. Бәрібір, ерте ме, кеш пе, түбінде біреу бұл тақырыпқа қол салар еді. Шетелдегідей миллиардтаған пайданы, долларынан болмаса да, рублінен қалтаға басуды кім қаламайды дейсің. Нарықтың қалыпты тіршілігі ғой.

    Бұл салаға шындап кіріскен екенсің, кішкене дайындықпен келу керек еді ме деймін. Асығыстық танытпай, алдымен графикалық новеллалары мен шағын видео/анимациялық жобалар шығарса. Мейлі әуесқой деңгейде болсын, мейлі Youtube форматында болсын. Көрермендердің қызығушылығын туғызу үшін жобаға фанаттар арасынан мамандар тартылса: біреуі комикске сюжет жасасын, біреуі суретін салсын, біреуі анимациясын жасасын. Бұл жәйменен фанбазаның қалыптасуына әсер етеді, халықтың бойын біз үшін әлі таңсықтау салаға үйретеді. Аталған қадамдар жасалса, алғышарттар қалыптасса - фильм жасау қажеттілігі және оған сұраныс өз-өзінен-ақ туар еді-ау. Жарайды, менікі жай ақылгөйсу шығар. Енді фильмнің өзіне оралайық.

    Бірден байқалатын нәрсе - әлқиссаның жетіспеушілігі. Иә, қаһармандарға жекелеп тоқталады, бірақ фильмнің өзінде тұтастық жоқ. Мүмкін, сюжетін қазіргі заманнан емес, сол қаһармандар пайда болған кезеңнен бастау керек еді. Ал қазіргі фильмнің сюжетін екінші бөлім ретінде қарастыруға болады. Сонда, кейіпкерлердің әрекеттерінде белгілі бір логика болар еді, көрермендерде белгілі бір ақпараттар қоры қалыптасар еді.

    Жалпы, кино авторлары өзіне ғана тән тарих жасаудан қашқан тәрізді. Америкалық кинокомикстардың арқасында жылдар бойы қалыптасқан канондар мен клишелерді аямай қолданыпты және солардың шеңберінен шыға алмапты. Сондықтан да шығар, "Қорғаушыларды" көріп отырып, "Кек алушылармен", "Х-адамдармен" еріксіз салыстырып, солармен параллель келтіріп отырасың.

    Суперқаһармандар туралы жобалар - оқиғасы қызықты, қазіргі заманның киноертегісі. Ертегі болғандықтан да, логикаға сыймайтын және шындықпен еш жанаспайтын фантастикасымен үнсіз келісесің, анреал жерлерін ертегі болғандықтан ғана кешіресің. Бірақ әр нәрсенің шегі болады. Мысалы, "Бэтмен Суперменге қарсы" блокбастерінде екеуінің қырылысының нәтижесінде үлкен қаланың күл талқаны шықты, жалпы, қирандылар ауқымы шектен шығып кетті. "Бұларың артық енді, тым асырып жіберіпсіңдер" деген ой келеді. Бұл жолы да сол - ақылға сыймайтын нәрселер көп. Спойлер болмасын деп деталімен бөліспеймін. Бірақ, бір фактімен бөлісу керек шығар - басты зұлым жалғыз. Иә, клондар армиясы бар, бірақ көмекші де, әріптес те, жақтас та жоқ. Қанша күшті болсаң да бір өзің әлемді жаулап аласың ба? Жалпы, елуінші жылдардан бері осы жоспарыңды жалғыз өзің жоспарлап келіп, осы күнге дейін қалай қолға түспей, не әшкере болмай қаласың? Түсініксіз.

    Сосын суперқаһармандар іш пыстырып жіберді. Мысалы, "Кек алушыларда" әр кейіпкерді өз досыңдай танисың: қандай хоббиі бар, қандай әзілдер қолданады, ұнамайтын нәрселері, т.б.. Яғни, фильм барысында елеусіз ғана көріністермен детальдар қосып отырады, сен де бейсаналы түрде олар туралы досье жинақтай бересің. Ал "Қорғаушыларда" ол жоқ. Кейіпкерлердің мінез-құлқы жоқ, ішкі дүниесі ашылмаған, харизмадан жұрдай. Әлқиссаның жетіспеуі осы жерде тағы байқалады. 

    Тағы бір айта кететін нәрсе - компьютерлік графика. Ол бар. Бірақ біркелкі емес, кейбір тұсы - жаман емес, тіпті Голливудқа теңесіп қалар, бірақ көп жері - тым жасанды, тым шала. 2000 жылдардың басындағы компьютерлік ойындардың графикасын еске түсіреді. 

    Оған диалогтардың үйлесімсіздігін, кадрдағы біраз іс-әрекеттердің бекершілігін, фондағы музыканың орынды-орынсыз қолданылуы мен дыбыс ырғағының біресе қатты, біресе жай естілуін қосыңыз. Мақтауға тұрарлық жағы - саундтрек ретінде қолданылған ән (Елена Темникова ft. ST – Сумасшедший русский) шығар. 

    Бұндай жобалар қомақты қаржыны қажет ететіні анық. Бұл фильмнің бюджеті 380 млн рубль, долларға аударсақ, шамамен 6,5 млн болады. Әрине, бұндай қаржымен "Кек алушылардай" сапа шығару мүмкін емес. Сондықтан да, көп жеріне түсіністікпен қарау керек шығар. 

    "Қорғаушылардың" жалғасына ишара білдірілді, ал фильмді жасаушылар келесі жолы көрермендер айтқан/айтатын сын-пікірлерді ескереді деген аванс сеніммен - 

    5/10

Пікірлер