• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Логан» фильміне жазған рецензиясы

    • Логан
    • 2017
    • Рейтинг: 7,75
    • Дауыс саны: 4
    • — 12 наурыз 2017
    • Баға: 8/10

    Жыланды қанша кессең де кесірткедей күші бар

    Фильмге 18+ ересек рейтинг беру кімнің идеясы екенін білмеймін, бірақ дұрыс қабылданған шешім екеніне фильм барысында көзің жетеді. "Дэдпул" да "R" рейтингімен шықты, бірақ ол мүлдем басқа жағдай және "Логандағы" жас шектеуі былапыт сөздер мен қызыл қырғын үшін емес.

    "Х-адамдар" кинотарихында алғаш рет нағыз ересек туынды жасалып отыр. Ересек дегенде дұрыс түсіну керек - бұл жерде айтылатын ойдың жасөспірімдер үшін тым салмақты болатыны, жалпы фильм атмосферасы кинокомикс ауылынан тым алыста екені меңзелсе керек.

    Атмосфера үшін бөлек респект. Егер "Логанды" көруге келсеңіз, "Х-адамдардың" бұған дейінгі серияларын ысырып тастаңыз. Әрине, сюжет бірізділігін сақтау үшін бұл киноәлемнің хронологиясынан, таймлайнынан алыстап кете алмайтынымыз анық. Алайда, "Логан" - бүкіл франшизаның биік шыңы, алынбас қамалы, жоғарыдағы жарық жұлдызы. Ысырып тастаңыз дегенім - мұнда балалар шаттықтан аспанға секіріп, ересектер бала болып кететіндей қияли экшн-қойылымдар жоқ. Тіпті Құну туралы осыған дейінгі екі бөлімнен де бөлек дүние. Құну/Логан қатысқан осыған дейінгі кинофильмдердің барлығы бұның қасында мультфильм секілді болып қалады екен. Соңғы кинокартина соншалықты шынайы, соншалықты өмірге жақындатылған.

    Фильмде Хью Джекман мен Патрик Стюарт - Құну/Джеймс Хоуллет пен Чарльз Ксавьер/Профессор Икс рөлдерінде соңғы рет ойнап отыр. Сол себептен шығар, екі актердің 2000 жылдан бері азық болған образдарымен жақсылап қоштасуға тырысқаны байқалды. Джекман орындауындағы сүйікті қаһарманымыз да іс-әрекеттері мен сөздерін ауыртпалық пен қайғыға толы, күрделі де ұзақ өмірін қорытуға алып келе береді. Көрерменімен кино тілі арқылы, өзгелерге бағыттап айтқан сөздері арқылы қоштасқандай болады.

    Жаңа мутант Х-23 болып ойнаған жас актриса Дафни Кинге түскен ауыртпалық Джекманнан да, Стюарттан да кем емес. Қаршадай қыздың шеберлігі таңғалтпай қоймайды. Бір ескерер жайт - Х-23/Лора Кинни диалогқа бара бермейтін, мүлдем дерлік сөйлемейтін тип. Ал, фильм бойы үндемей ойнау актрисадан қосымша қабілет пен талантты қажет ететіні анық қой. Сол себепті Дафни Кинді осындай салмақты жобаға табыла кеткен нағыз олжа деп есептеймін.

    Режиссер Джеймс Мэнголд бұл франшизада жаңа адам емес. Осыған дейін 2013 жылғы "Құну" фильмін түсірді. Алайда, сол кезде бірауыздан жоғары бағалауға тұрарлық дүние шыға қоймап еді. Оның себебі де енді белгілі секілді. "Құнуда" ол сценарий жұмысына араласқан жоқ. Кәдімгі жалданбалы маман деңгейінде жұмыс істеді. Ал, "Логанда" режиссер сюжет құрылымына тікелей атсалысты. Сондықтан да шығар, қойылымдық бөлігі мен сюжеттік құрылым біртұтас болып көрінеді. Бұны мен авторлық кино жанрына жатқызар едім.

    "Логан" Құну туралы трилогияның ақыры ғана емес, ескі мутанттар мен жаңа мутанттар буынын жалғайтын көпір де секілді. Фильмде көрініс табатын жеткіншектерде "Х-адамдар" сериясында бұрын болған қаһармандардағы қабілет-қасиеттерге балама бола алатындай ерекшеліктер бар. Егер, "ХХ ғасыр Фокс" франшизаны жалғастырар болса, болашақ жобалар дәл осы жаңа мутанттар төңірегінде болуы тиіс.

    Фильмнен кейін денең ауырлап, ішің өкініш пен аянышқа толып шығады. Өмірімде алғаш рет аталған кейіпкерлерді тағы да көргім келді. Бұнымен бітпесе екен деген қимас сезіммен шықтым. Бұның сыры көпшілікке үйреншікті болып кеткен кейіпкерлермен қоштасу картинасын өз деңгейінде, ешбір кемшіліксіз жасауында жатқан шығар. Өйткені жақсыдан ешқашан айырылғың келмейді.

Пікірлер