• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Бригада: Мұрагер» фильміне жазған рецензиясы

    • — 3 желтоқсан 2012
    • Баға: 5/10

    Жаңа ғасырдың ұрпағы бұны түсіне қоймас. "Бригада" атты атақты сериалдың табынушылары толықметраж түріндегі сиквелді күткені анық. Сонымен, ол күн де келіп жетті.

    Сюжетте Саша Беловтың ұлы Иванның тағдыры, дәлірек айтсақ Ресейдегі үш-төрт күндік өмірі баяндалады. Америкада анасымен тұрып жатқан ол, Мәскеуде әкесінен мұра ретінде жер телімі қалғанын біледі. Сол үшін өзінің тарихи отанына оралады. Бірақ, әкесі ұлына байлық қана емес, үрім-бұтағына жетерлік проблемалар да қалдырып кеткен екен.

    Түсірушілер түпнұсқаның атмосферасын сақтауға тырысыпты. Әйтеуір, сюжеттік желінің сабақтастығы байқалады. Тек актерлер бәрін бүлдіргендей болды.

    Әлемдік деңгейге ұмтылыстарын жасырмайтын Ресей киносы әлі де талантты актерлерге кедейлеу. Бұл жолы да соған куә болдық. Киноның кино екенін ғана сезіндік, бірақ өмірді көре алмадық. Голливудтқа еліктеген қымбат пиро-жарылыстар мен ебедейсіз компьютерлік графикалар да ұшырасты (өкінішке орай). Ресей киносына тән арзан диалогтар мен мәнсіз қимыл-әрекеттер де кездесті.

    Әйтеуір, көпшіліктің есінде қалған кейбір ескі кейіпкерлерлерді көріп, көз қуанды. Заманның өзгерісіне қарап күн кешіп жатқан Белов отбасын көрдік. Оған да шүкір. Безруковтың жобадан бас тартқаны да дұрыс шығар, мүмкін...

Пікірлер