• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Тасжүрек» фильміне жазған рецензиясы

    • — 1 қыркүйек 2017
    • Баға: 8/10

    Фильм алғашқы минуттан соңғы титрға дейін махаббатсыздықтың қандай болатынын паш етіп, көрерменге дабыл сигналын қағумен болады. "Тасжүрек" деп қазақшалау фильмнің мәнін аша алмағандай болды. Фильм махаббаттың жоқтығы, махаббатсыздық туралы. Бұл тұрғыда тұпнұсқа атауы дәл қойылған.

    Синопсисінде жазылғандай, картина ажырасып жатқан жұп туралы. Әрқайсысының өз жеке өмірі бар, сондықтан ортақ ұл - екі жақтың да жаңа бақытына кедергі келтірмекші. Сол себепті баланы өсіру жауапкершілігін ері әйеліне, ал әйел еріне жүктегісі келеді. Шешімі жоқ даудың арасында ұл зардап шегеді. Ол екі жаққа да керек емесін сезеді. Сезеді де... із-түссіз жоғалып кетеді.

    Фильм атмосферасы жаумай үстіңнен төніп тұрғып алған қара бұлт секілді - ішкі әлеміңді түнертіп, жақсылыққа, жағымды оқиғаларға үміт артпай-ақ қоюды бірден ескерткендей болады көрерменге. Бұған музыкалық әрлеуді қосыңыз. Бүкіл денең жамандықтың боларын сезіп, арқаңды тітіркендіріп жібереді.

    Немқұрайлық, махаббатсыздық барлық жерде: бір-бірін жек көріп кеткен ерлі-зайыптылар, немқұрайлық танытқан тергеуші, долы ана/ене, басты кейіпкерлердің эгоистік кейіптегі жаңа ашыналары. Персонаждардың түрінен жылылық іздеп кетеді екенсің тіпті. Алайда персонаждарда бір ғана махаббат бар - смартфонға, өзіміз қолмен құрып жалған алған әлемге сүйсіну. Әрине бұл да фейк махаббат. Оны экран алдындағы кез келген адам анық түсінеді деп ойлаймын. Виртуал - әу бастан шын емес дегенді білдіреді емес пе?!

    Звягинцев актерлер іріктеуде, персонаждардың образын жасауда аса шебер. Әр деталь, әр қимыл образдардың ашыла түсуіне, көрерменмен жақын танысуына сеп болады. Финалда сен әр кейіпкердің мінезін өз жақыныңдай біліп шығасың.

    Әлбетте әлеуметтік драма ретінде картинаның барысы параллельдер мен аллегориялардан тұрады. Оған бөлек материал арнау керек шығар. Бүкіл көріністің түйіні ретінде Украинадағы қақтығыстың репортажын фон ретінде пайдалануы аздап күтпеген, бірақ өте әсерлі жайт болды. 

    Фильм техникалық тұрғыдан да өте жақсы жасалғанын айта кету керек. Операторлық жұмыс, түстің қолданылуы картинаға ерекшелік беріп, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлайды.

    Звягинцевтің мен екінші фильмін көріп отырмын және екінші рет жан дүниені қопарып, көпшілігіміздің жанды жерімізге дәл тигізгенін көріп отырмын. 

Пікірлер