• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Әлдекім» фильміне жазған рецензиясы

    • — 7 қыркүйек 2017
    • Баға: 7/10

    Хоррор дегеннен гөрі драма деген дұрыс па деймін.

    Иә, фильм үрейлі. Бірақ біз үйреніп қалған классикалық "страшилка" емес. Басты кейіпкерлердің өміріне қатысты лирикалық шегіністер бар және бұл тәсіл өте сәтті қолданылған.

    Айтқанымдай, фильмде адамдардың бала кезіндегі үрейі, оны жеңе алуы немесе жеңе алмауы басты тақырып ретінде алынады.

    Кейіпкерлердің арасында ересектер аз. Бұл да балалар мәселелеріне екпінді көбірек қою үшін жасалған ба деймін.

    Әр кейіпкердің тарихына уақыт бөлінген, әр баланың неден қорқатыны және қандай проблемасы бар екені көрсетіледі. Осы жері ұнады. Фильмнің бел ортасына келгенде басты персонаждардың бәрін танып-біліп аласың. Бұл режиссермен бір толқында болып, фильмнің өрбуіне оңай ілесіп отыруға жақсы.

    Кинотуындының драма бөлігі осындай. Ал хоррор бөлігін осы айтылғандардың бәріне фон ретінде, тақырыптың ашылуына қозғаушы күш ретінде қарастыруға болады.

    Иә, қорқынышты жерлері көп. Үрейлі аттракцион көруге барғандар өз іздегенін таба алады деп ойлаймын. Клоун шынымен қорқынышты (актер Билл Скарсгардқа рахмет).

    Бір жақпаған тұсы бар: бала кейіпкерлер қорқынышты оқиғалар мен әлгі құбыжыққа тез үйренеді. Осы жері аздап шынайылықтан тым алыстап кеткендей болды. Құбыжық-клоунның шабуылына ұшыраған адам ертеңіне дым болмағандай ойнап-күліп жүрмес болар. Бұл жерде не сценарий деңгейінде, не монтаж кезінде қателіктер болды деп ойлаймын.

    Айтпақшы, юмор да бар және ондай тұстары да өзінше қызық. Күлкілі жерлері сюжеттің өз жолынан ауытқуына себеп бола алмайды. Балаға тән, жеңіл әзіл.

    Стивен Кингтің шығармасымен таныс емес адам басты антагонистке қатысты бір ғана сұрақ қоюы мүмкін (мысалы мен) - Неге клоун? Неге басқа персонаж емес?

    Жылдың басты үрейлі фильмі деуден аулақпын, өйткені драмасы басым болды деп есептеймін. Бірақ картина ерекше, тартымды және маңызды.

    7/10

Пікірлер