• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Уэйкфилд» фильміне жазған рецензиясы

    • — 17 қазан 2017
    • Баға: 8/10

    Кадр сыртындағы дауыс: "Мойындашы, ең болмаса бір рет қазіргі өміріңді түбегейлі өзгертіп, бәрін талақ қылғың келді ғой?" деген кезде шынымен дәл маған айтылғандай қабылдадым. Меніңше, бәріміз де сол туралы ойланып көрдік. Қазір сүріп жатқан өмірім - шынымен менікі болмаса ше, жай үйреншікті қалып болып кеткен соң көнбістікпен бой үйретіп алсақ ше?

    Брайан Крэнстон кейіпкері өміріңді бір саралап алуға, өзіңді альтернатив ортада елестетіп көруге бір себеп болды.

    Сюжет былай: ештеңеден күдігі жоқ отағасы әдеттегіше үйіне қайтып келе жатады. Кенет үйінің маңындағы қоқыста жанат жүреді. Артынан қуам деп жүріп гараждың шатырына тап болады. Шатырда үлкен терезе бар. Терезеге жай көз тастай салып еді: О, тоба! Үйінің асбөлмесі алақандағыдай көрінеді екен. Әйелі уайымдап бұған телефон шалып жатыр, екі қызы үстел басында отыр. Отағасына кенеттен мынадай ой келеді: қызық, үйге бармай қалсам не болар екен? Оның үстіне соңғы уақытта әйелімен ұрысып қала беретіні еске түсіп кетеді. Оны уайымдатып, одан аздап өшін де алмақшы. Сөйтіп, гаражда түнеп шығады. Енді ертесіне барайын десе - көңілдесінен келді ойлап қала ма деп әйелінен қуыстанады. Себептен себеп шығып ақырында осы гараж шатырында қалып қояды. Күн сайын үй-ішін бақылайды, өткен өмірін саралайды, онсыз оның отбасы қалай өмір сүретініне куә болады.

    Фильм кейіпкердің өткенін еске түсіріп, флешбектермен, қазір үйге кіріп барсам деп оқталған кездегі болуы мүмкін түрлі варианттармен араласқан. Қызық. Әлгі отағасының орнына өзіңді де қойып көреді екенсің еріксіз.

    Отбасы құндылықтары, жарыңа деген махаббат сыналатын әдемі оқиға.

Пікірлер