• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Пидің өмірі» фильміне жазған рецензиясы

    • — 7 қаңтар 2013
    • Баға: 6/10

    Кез-келген оқиға ешқашан біржақты қабылданбайды. Бұған тағы бір рет көз жеткіздім. Әсіресе, сол оқиғаның куәгері тек бір адамнан аспаса - онда айтылған хикаяның қай жері жалған, қай жер шындық екенін ешкім ешқашан білмей өтетін болады.

    Пидің ғұмырының фильмде айтылатын бөлігі де екі жақты: қай нұсқаны қабылдау өз еркімізде.

    Сюжетте зоопарк ұстаған әкесінің арқасында жан-жануарлармен бірге өскен бала туралы баяндалады. Оның жанұясы зоопаркпен бірге Канадаға көшеді. Жолшыбай мінген кемелері аударылып, жасөспірім Пи құтқару қайығының арқасында жалғыз аман қалады. Бірақ қайықта өзінен бөлек жолбарыс бар болып шығады.

    Сюжеттегі басты айтылуы тиіс идеялық мазмұны да осы шығар: хайуанмен ортақ тіл таба отырып тар қайықта өмір сүру, жағаға аман жету. Бірақ фильмнен мен тағы бір месседж байқағандай болдым. Ол өмірде бәрі де кинодағыдай әдемі болмайды. Оны картинаның финалы анық жеткізді. Адам мен жыртқыш хайуан ешқашан дос болмайды, мейлі оларды тағдыр еріктен тыс бір бөлмеге қамап қойса да.

    Әрине, бұндай түйінді мен де қаламаймын. Мен адам мен жануар арасындағы ерекше достықты жыр еткім келіп еді, бірақ "Пидің өмірі" басқаша ой түюге итермеледі.

    Фильм оқиғасы тартымды, десек те тым созылыңқы ма деп қалдым. Білесіздер ме, судан басқа дымы жоқ жалпақ мұхиттың да әдемі табиғаты болады екен. Бұндай тамашаға 3D-ның көмегінсіз-ақ куә болдым. Стерео нұсқада тіптен ерекше әсер алатыныңызға сенімдімін.

    Әдемі кадрлар мен операторлық жұмыс үшін 10 баллдың 8-ін ойланбастан беруге болатын еді, бірақ кульминациясы үшін, дәлірек айтсақ кульминацияның жоқтығынан бұл ойдан бас тарттым. Менің фильмнен күткенім зор еді. Десек те, өмір шындығы солай, сол үшін де бас имеске тағы болмайды.

Пікірлер