• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Жүзбен жүгіруші 2049» фильміне жазған рецензиясы

    • — 3 қаңтар 2018
    • Баға: 7/10

    Бұл фильмге де қол жеткіздім. Прокат кезінде түрлі пікірлер айтылды. Мені қорқытқаны - бірінші бөлімнен ажырап кету ықтималдығы еді. Бекер нетіппін. Бәрі өз орнында. Дени Вильнев әр жұмысы сайын таңғалдыра түсуде. Былтыр "Прибытие" фильмінен аздап шок алып едім.

    Режиссер әр деталға, әр диалогқа, әр қимылға мән береді. Оның "Блэйд Раннер 2019"-ға құрметін айтпай-ақ сезесің. Әр оқиғаның өз визуалы, өз түсі бар. Музыкасы бірінші бөліммен өте ұқсас немесе бірдей. Жаңа актерлер қатысса да персонаждардың характерлері, фильм атмосферасы өзгермеген. Сондықтан да арада отыз жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан бірінші мен екінші бөлімнің тұтастығы сезіледі.

    Бұл өз алдына бөлек туынды, дей тұрғанмен 1982 жылы шыққан біріншімен тығыз байланысты. Әдетте культқа айналған киноны жалғастырғанда үлкен сұрақ туындайды: Жалпы жалғастыру қажет пе? Жалғастырғанның өзінде көңілден шыға ма? Көпшілігі ақшаның соңына түсем деп әп-әсем аяқталған оқиғаның қажетсіз жалғасын жасау арқылы бәрін бүлдіріп алады. Сөйтіп отырып сиквелдің ғана емес, түпнұсқаның да сәнін бұзады. Бұл жолы сеніммен айтуға болады: жалғасын түсіруге қажеттілік болмаса да, жаңа фильм түпнұсқаны әрлендіре түсті, оның культтық мәнін арттыра түсті.

    Алғашқы серияның басты кейіпкері Рик Декардты (Харрисон Форд) бел ортасынан асқан соң көрсетіп, біртіндеп оны алдыңғы планға шығару тәсілі ұнады. Бастапқыда оны басты кейіпкер Кейге (Райан Гослинг) көмекші персонаж ретінде болады деп қателесіппін.

    Актерлер, сюжет, динамика, музыка, операторлық жұмыс - бәрі өз орнында. 2 сағаттық хронометражы мүлдем сезілмейді. Керісінше көрерменнің фильм қарқынына бой үйретіп, ілесуіне жақсы әсерін береді деп ойлаймын.

    Жылдың ең стилді, атмосфералы, ерекше туындыларының бірі.

    8/10

Пікірлер