• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Ninety one» фильміне жазған рецензиясы

    • Ninety one
    • 2017
    • Рейтинг: 6,4
    • Дауыс саны: 5
    • — 5 ақпан 2018
    • Баға: 7/10

    Өздерінің айтуы бойынша, сюжеттің 90 пайызы рас. Тіпті елу пайызы рас болғанның өзінде қазақстандық топтың және продюсерінің басынан кешкен қиындықтары үшін, соған төзгені үшін орныңнан тұрып қол соғуға болады. Өйткені Қазақстанда ешбір топ, ешбір әнші олардың көргенін көрген жоқ. Олар ұрынған қарсылыққа ұрынған жоқ, олардың ситуациясына түсіп көрген жоқ.

    Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен көркем фильм солардың басынан кешкен оқиғаларын бәрін болмаса да, шет-жағасын жеткізгендей болады. Танымал тұлғалардың өміріне арналған голливудтық кинотуындыларды көріп жүрміз ғой. Мен де сондай стилде кино күтіп едім. Бірақ "91" ондай емес. Аздап атүсті, үстімен шолып өткендей болады. Мысалы осы музыкалық топ туралы білмейтіндер оқиғаға қанықпай қалуы әбден мүмкін.

    Екінші жағынан персонаждардың ашылуы да бәсеңдеу болды ма деймін. Рэперлер AZ мен ZAQ-қа көбірек көңіл бөлінгендей болды, қалғандары тасада қалған сияқты. Сосын ауыз су өндіретін бір отандық брендтің жарнамасы көп, әрине, коммерциялық кинода продакт-плейсментті ешкім алып тастаған жоқ, сонда да орынды-орынсыз көрсете бермесе де болар еді.

    Ал жалпы алғанда, қойылуы ұнады. Шарықтау шегін дәл басында көрсетіп алып, сосын сол шекке қалай жеткенін асықпай баяндау сәтті режиссерлік шешім деп ойлаймын. Алғашқа синглдың пайда болу тарихы да жақсы берілген. Топ мүшелерінің күйзелістері, ерекше бірдеңе жасауға талпыныстары түсінікті жеткізілген.

    Фильм де сол топ сияқты бірегей жоба деп білемін. Өйткені музыкалық топ туралы елімізде кино түсіріліп көрген емес. 91 тобының фанаты болмасаң да, жаңа кино өнімі ретінде қарауға әбден лайық. Жай байопик кино болып қоймай, қоғамымыздағы қараңғылық, кертартпалық белгілері көрсетіледі, солардың проблемасы көтеріледі.

    Өз жанрының алғашқы қарлығашы екенін ескеріп 7/10 деген бағаға лайық деп ойлаймын.

Пікірлер