• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Әлемнің жүрегі» фильміне жазған рецензиясы

    • — 9 қараша 2018
    • Баға: 7/10

    "Аритмияның" авторлары жасады деген соң ерекше бір туынды күтесің. Жо-жоқ, фильмді жамандайын деп отырғаным жоқ. Тек оқиғасы қарабайыр болып кеткен бе, бірдеңе.

    Динамикасы жоқ, тайгадағы тіршілік секілді тым баяу өрбиді оқиғасы. Мүмкін авторлардың ойлағаны да осы шығар, кім білген. Оқиға дерлік оқиға да жоқ, қиырдағы аңшылар базасының қожайынының қарамағында істейтін ветеринардың бірнеше күндік өмірі. Кейіпкерлерді өзгертетін ірі конфликт, астаң-кестең қылатын әрекет күтесің. Бірақ ондай ештеңе болмайды, деректі деуге жақын бірсарынды көрініс.

    Бірақ актерлердің ойыны, табиғи түсірілім фильмге ерекше әр беріп тұр.

    Басты кейіпкердің характері жақсы жасалған. Өз әлемінен безген - анасын көргісі келмейді, бірақ қиырдағы жалғыз үйде де бөтен адам. Тамақты бөлек ішеді, бөлек үйшікте тұрады. Бұл жерде жасы келсе де әлі өзін таппаған адамды көруге болады.

    Жануарларға, мейлі ол - үй хайуаны болсын, мейлі жабайы болсын - соларға деген адами қатынасты басқа қырынан көрсетеді. Жануарлардың құқы дейміз, бірақ осы лозунгқа барлық жануардың тағдырын сыйғызуға болмайды. Қазір жануарлардың құқығы үшін өңешін жыртып жүргендерге бір сабақ боларлық дүниелер көрсетіліпті.

    Иә, табиғатты, жабайы әлемді қорғау керек. Бірақ олардан алыстап, мүлдем қарым-қатынасты үзуге тағы болмайды. Сондай екіұдай ой туғызатын картина.

Пікірлер