• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Отвергнутые» фильміне жазған рецензиясы

    • — 23 қараша 2018
    • Баға: 6/10

    Жанна Исабаеваның кейіпкерлері қашан да қарама-қайшылықтарға толы. "Қаройдағы" Азатты алыңыз, "Нағимадағы" Нағиманы алыңыз - екі түрлі пікір қалыптастыратын адамдар.

    Осы жолы да негізгі кейіпкерлерді екі қырынан көреміз. Бірде жек көріп, лағынет айтып отырсаң, екінші көрініс кезінде жаның ашып, жағдайына түсіністік танытқың келеді.

    Режиссер жұмыстарында кадрдағы кейбір сәттер сендіре алмайтыны рас. Біртүрлі шолақ кесіп тастағандай, айтылуы тиіс ой дөрекі түрде берілгендей болады. Бірақ фильм соңында бәрін қорыта келе, сондай келеңсіз тұстарына кешіріммен қарайсың. Өйткені айтылатын ойдың шыншылдығы сонша, дәл сенің жаныңда болған оқиғадай қалып қояды.

    Ж. Исабаеваны әлеуметтік проблемаларды көтеретін автор деп білеміз. Оның көтеретін мәселелері біздің қоғамның рагына айналған ескі түсініктер мен соның салдары жайында. Ал кейіпкерлер - қоғамның жәбір көруші тап өкілдері. Осы жолғы тематикасы түрлі себептерге байланысты баласын күйеусіз өсіруге мәжбүр болатын әйелдердің ауыр тағдыры екен.

    Ондай адамдарға біздің қоғамда "сайқал" деп, баласына "тексіз" деп қарау түсінігі әлі де бар. Режиссер осы ситуацияны туған-туыстар тұрғысынан беріп көреді.

    Дегенмен Ж. Исабаеваның фильмдерінде әйелдер ерекше рөлге ие. Олар мықты, қайсар, шешуші мәнге ие тұлғалар. "Отвергнутые" (қазақша мағынасы - "шеттетілгендер", "аластатылғандар") фильмінің де басты тұлғалары - әйелдер, солар қабылдаған шешім мен соның салдары туралы.

    Атмосферасы түнерген, оқиғасы қатыгез бұл фильм ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

Пікірлер