• Біздің парақшалар:
  • Айкона «Шақылдақ және төрт патшалық» фильміне жазған рецензиясы

    • — 10 желтоқсан 2018
    • Баға: 8/10

    Ертегі өте әдемі, әрі әсері түсірілген. Фильмді қарап отырып жаңа жылдық сыйқырға бірге еніп кетесің. Өзіме ұнағандарына тоқтала кетсем:

    1. Чайковскидің музыкасы толықтай фильм бойы ойнатылып отыруы және ол ешқандай заманауи өңдеуден өтпей сапалы түрде берілгендігі ұнады. Фильмде ойнатылған музыканың бәрі әсерлі, әсіресе Андреа Бочеллидің баласымен айтқан әні өте жағымды естіледі.

    2. Фильмде балеттің қолданылуы өте қатты ұнады, әсіресе патшалықтың тарихын айтқан кезде балеттің құдыреті жақсы көрсетілген. Балетте отырғандай әсер аласың.

    3. Спецэффектілер өте жақсы қолданылған, ертегі әлеміне сені сендіре алады. Шыршалар, табиғат, патшалықтар жалпы бәрі сәтті суреттеліп, үйлесімді берілген.

    4. Актерлардың костюмдері өте әдемі. Жалпы киімге мән бермей кету мүмкін емес, себебі Клара киген мундирдің өзі өте әдемі, әрі қыз балаға күшті жарасады.

    5. Дубляж. Дубляжда сын жоқ, қазақ тілінде ешқандай тұрпайы сөздер естімейсің, таңдалған дауыстар сондай жағымды. Өте сапалы, бәрі түсінікті.

    Фильмнен жаңалық іздеп барудың қажеті жоқ, бұрыннан өзіміз білетін ертегінің жаңа нұсқасы деп қарау керек. Фильм көбіне Клара туралы болып Шақылдақтың екінші планға ысырылып қалуы біраз ойландырады, бір жағы фильмнің жалғасы болатын сияқты ой қалыптастырады.

    Жаңа жылдық ертегіні сезінгіңіз келсе, фильмді көріп шығуға кеңес беремін. Қазақ тіліндегі нұсқасына балаңызбен барсаңыз тіпті керемет болмақ.

Пікірлер