• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Сильвер-Лэйктің түбінде» фильміне жазған рецензиясы

    • — 11 желтоқсан 2018
    • Баға: 6/10

    "Под Сильвер-Лэйк" - жанрлар мен түрлі заман атрибуттары араласып кеткен қызық картина.

    Дэвид Роберт Митчеллдің "Оно" хоррорын көрген адам түсінеді. Оның картинасында белгілі бір уақыт кезеңіне байланып қалу деген жоқ. Кадрдан бір уақытта - әлі біздің заманда шықпаған футуристік бұйымдарды да, тоқсаныншы жылдардың ойын консолін де (Sega секілді), жетпісінші жылдардың музыкасын да, классикалық Голливудтың (30-40 жылдар) стилистикасын да көре аламыз.

    "Под Сильвер-Лэйк"-ке де бәрін аямай тықпалапты. Саспенс, психологиялық триллер, мелодрама, детектив, арт-хаус элементтері бар сюрреалистік қоймалжың сюжетті қарап отырып, бір кезде "блә, не боп кетті?" деп ойлап та қаласың. Ол аз десеңіз - сюжеттің өзегіне конспирология, жасырын қастандық және солардың мәнін ашуға апаратын кілт пен жұмбақ белгілерді ұсынғанда бас кейіпкермен бірге Лос-Анджелесті қалай шарлап кеткеніңді байқамай қаласың. Ал ең жаманы сол - фильм мазмұнына поп-мәдениеттің түрлі өнімдері мен сан алуан кино стилдерін аяусыз тықпалап, саған да солардың бәрін тұтынуға мәжбүрлеп, сол арқылы әр кадрдан, әр көріністен мән іздеткізіп қояды да, ақыр аяғында бұлардың ешқайсысының маңызы жоқ деп бетіңе былш еткізеді.

    Соңында басыңды қасып отырасың: бұл режиссердің осындай стебі ме, әлде шынымен режиссер көп нәрсені қамтимын деп, соңында өзі шатасып, сонша жүкті көтере алмай қалды ма?

Пікірлер