• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Кек алушылар: Ойын соңы» фильміне жазған рецензиясы

    • — 6 мамыр 2019
    • Баға: 6/10

    Марвелдің комиксін ашып көрген шығарсыңдар? Ол жақта қырылыс ауқымы кең, соғыста қаһармандардың бәрі жүреді. Студия осындай полотноға татитын көріністердің бірін экранға көшіруге талпыныпты.

    Әлбетте сондай эпик көрініс үшін алдымен алғышарттар жасап алады: қаһармандардың бірігуіне мотивация іздейді, оқиғалардың байланысын қиыстырады, зұлым кейіпкерлерін күшейтеді, конфликт құрастырады.

    Марвелдің үлкен минусы да сол болған сияқты - ауқымды қыламын деп - ұсақ, бірақ маңызды деталдарын ескермеген, оңтайландырамын деп керек жерлерін қиып тастаған, суретін әдемі қыламын деп мазмұнын пысықтамаған. Айналып келгенде, фильмнің жүректі қаттырақ соқтырып, денеңді тітіркендіретін масштабы болғанына қарамастан, үлпілдеген көлемін ғана сезесің. Ішіне үңілсең - бос деп айту ұят шығар, бірақ бір байқалмай қалған, ұмыт болған, жете түсіндірілмеген бөлшектер жүреді.

    Қалай түсіндірсем екен. Мысалы үй жинадың делік. Бірақ тап-тұйнақтай қылуға еріндің де, кейбір шаң-қоқысты диванның астына сыпыра салдың, қуыстарға қол тығуға ерініп ондай жерлерді тазаламадың, көз түспейтін қараңғы бұрыштың шаңын сүрткен жоқсың. Сырт көзге үйдің жиналғаны байқалады, бірақ мұқият тексерсең әр жерден ұсақ-түйек олқылықтар шығады. "Ақтық шайқас" (қазақша субтитрдегі атауы осылай екен) та сондай әсер етті.

    Менде бір ғана үміт бар. Марвел болашақ киножобаларында осылардың бәрін біртіндеп түсіндіріп, "разбор полета" жасайды. Егер осы күйінде қалса DC-дің "Әділет лигасына" ұқсап кетейін деп тұр.

    Әлбетте, фанаттардың көпшілігі менімен келіспес. Және менің осы пікірімді жоққа шығаратын орынды пікірлер болады деп үміттенемін. Өзім де ізденіс үстіндемін: түрлі теорияларды қарастырып жатырмын, видеошолу мен видеоанализдер көріп жатырмын.

    Әлде менің күткенім тым көп пе, білмедім. Қысқасы, картина - кино тарихындағы ең ауқымды болғанына қарамастан - берген әсері орташа болды.

Пікірлер