• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Джокер» фильміне жазған рецензиясы

    • — 4 қазан 2019
    • Баға: 8/10

    Комикстен әлеуметтік драма жасауға бола ма? Болады екен.

    Джокер туралы, Бэтменнің әлемі туралы ұмытыңыз. Бұл жерде айтылатын әңгіме басқа - қоғамның проблемаларын көтеретін, сол проблемалардың салдарын адам кейпімен көрсететін драма. Сол себепті бұнда экшн да, комиксқа тән басқа да сипаттар жоқ деуге болады.

    Әдетте біз қылмыскерді көрсек - оған бар лағынетімізді төгеміз. Жасаған қылмыстары үшін жазғырамыз, кінәлаймыз. Бірақ оның сондай адам болып шыққанына біздің де үлесіміз бар екенін ескермейміз. Адам өздігінен жаман болмайды, оған қоғамдағы түрлі факторлар әсер етеді. Ал қоғам дегеніміз - сіз, ол, мен және барлығы. Демек зұлымдыққа біз де жан-жақтан үлес қосамыз. Фильмнің қысқаша моралі осы.

    Картинада компьютерлік графика мейілінше аз, көп кадрлар қала көшелерінде түсірілген. Бұл жағдай оқиғаны шынайы қабылдауға, барынша шын өмірге жақындата отырып қабылдауға ықпал етеді.

    Тодд Филлипс - "Бас жазу" деген комедия трилогияны түсірген режиссер. Жеңіл комедиядадан кейін оның осыншалықты салмақты жұмысын көру - кәдімгідей сюрприз болды. Ал Хоакин Феникстің шеберлігіне еш күмән болмаған, осы рөлінен кейін оған құрмет арта түседі деген сенімдемін.

    Фильмнің музыкалық безендірілуі тамаша. Әр ситуацияға сай ән таңдалып, ол тиісті әсердің берілуіне сеп болады. Ал фильмнің стилистикасы сюжеттегі 1980 жылдардың атмосферасын жақсы береді. Құдды Скорсезенің жұмысын көріп отырғандай күй кешесің.

    Скорсезе демекші, Роберт Де Нироның қатысуында бір сыр бар сияқты. Режиссер осы арқылы "Таксиге" құрмет көрсетті деп ойлаймын. Өйткені ондағы оқиға да жалғыз басты психопаттың бейнесін суреттеп еді ғой.

    Деталі көп әрі олар табиғи үйлесім тапқан, ерекше махаббатпен жасалған фильм.

Пікірлер