• Біздің парақшалар:
  • Димаш Зиядин «Муви 43» фильміне жазған рецензиясы

    • — 25 қаңтар 2013
    • Баға: 8/10

    Әлемдік клишерлерге жасалған Троллинг

    Қызық деймін-дағы, осы фильмге барар алдында (ал мен түнгі сағат 01.30-дағы сеансқа бардым) экраннан а-ля "Париж, мен сені сүйемін" немесе "Валентин күні" секілді романтикалық комедия стиліндегі альманах көремін деген бейкүнә ойда болыппын. Алайда бірнеше режиссердің көрерменге қарсы ұйымдастырған жымысқы (жақсы мағынада) ойлары дөп тиді.

    Бұл киноны ноутбугыңыздан немесе теледидарыңыздан көрмес алдында рухани-моральдік тұрғыдан дайындалып алғаныңыз жөн: "Муви 43" жан-жүйке-жүрегіңіздің беріктік деңгейіне байланысты құсқыңызды келтіруі, жүрегіңізді айнытуы, мұрныңызды тыржитуы немесе рахаттана күлдіруі, риза қылдыруы мүмкін. Копрофилия элементтері, инцест, боғауыз сөздерге деген реакция ешқашан біртекті болған емес.

    "Муви 43" ескілі-жаңалы әлемдік арзанқол сюжеттер мен эффектілерге негізделген фильмдерді мазақтайтын туынды деп санаймын. Ғаламдық масштабтағы апаттан бастап, кейбір "легеннен бас көтертпейтін" комедиялардың элементтеріне жасалған стёбты кеңінен кездестіре аласыз.

    Жеке өзіме фильм ұнады. Танымал актерлардың (Хью Джекман, Кейт Уинслет, т.б.) осындай амплуада өздерін көрсетуі оларға деген құрмет пен рысбекті (екеуі бір емес пе осы?) еселей түсті. Хью Джекман демекші сіз трейлерде Кейт Уинслеттің неге біртүрлі болып отырғанын тек фильмнен көре аласыз:)

    Фильмнің әзілдері анайлықтың ар жақ, бер жағында болғанына қарамастан ұтымды шыққан, қышуы қанбаған жараңның аузын тырнап-тырнап жіберіп, тыр-тыр қасиды.

    Ескерту: егер сіз артық-ауыз жабайылықты ұнатпайтын, лас әрекеттерді көре алмайтын, бірнеше астар беретін, беті дөрекі, боғауыз, ар жағы әлдебір дүниеге ым тастайтын кадрлардан көзіңізді сақтайтын адам болсаңыз "Муви 43-ке" бармаңыз. Тіпті, зорлап апарып, алдыңызға қосып берсе де көрмеңіз, көзіңізді жұмып алыңыз. Әйтпесе, бар жиған-терген жаныңыздың асылын фильм шайқап кетуі мүмкін.

Пікірлер