• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Шұғыла» фильміне жазған рецензиясы

    • — 1 қыркүйек 2012
    • Баға: 7/10

    Фильмнің 1980 жылдары түсірілгенін ескерсек,«тіптен жаман емес» деген баға беремін. Стэнли Кубриктің «The Shining» (Шұғыла) триллері көруге тұрарлық, айтуға тұрарлық дүние екеніне көз жеткіздім. Ең үрейлі фильмдердің түрлі чарттарында бұл өзі алдыңғы қатардан көрініп жүр.

    Жалпы сюжеті былай: Бұрын мұғалім болған, қазір жазушылыққа бет бұрған Джек елді мекендерден жырақта орналасқан бір қонақүйге күзетші болып жұмысқа орналасады. Бұл өзі инфроқұрылымының жоқтығына байланысты 6 ай қыста жұмыс істемейтін қонақүй еді. Джекке жүктелген міндет — осы кезеңде қонақүйге бас-көз болуы керек. Әрі өзіне де жақсы — тыныштықта шығармашылық жұмысына уақыт жетерлік. Ұлы мен әйелін қонақүйге қыстауға алып келгеннен кейін, жазушы Джек мазасыз, ашушаң бола бастайды. Бәрі де осыдан басталады.

    Шынымен де, болуы мүмкін жағдай секілді көрінеді маған. Ойлап қараңыз: айналада бір үйден басқа ештеңе жоқ, қалаға апарар жол 6 ай бойына қалың қармен бітеліп қалады. Алып сарай, ішінде тек 3 адам. Бір түрлі сезімдер туғызатыны сөзсіз. Психологиялық тұрғыдан ауыр болар еді.

    Бұған дейінгі рейтінгіне аса мән бергеннен ба, аса бір үрей мен қорқынышқа толы қанды көріністер күтіп едім. Мен ойлағандай сәттер көп болмады. Дегенмен, үрейлі триллер атағына лайықты деп есептеймін.

    Мистика элементтері де ұшырасады фильмде. Әсіресе, басты кейіпкердің баласына қатысты көріністері бір тылсым қойылымдарға толы. Мысалы, бұған дейін осы қонақүйде болған қанды қырғынның үзінділері көзіне елестейді. Бір бөлменің есігінің ашылуы, түрлі дауыстар т.с.с. Бұл да фильмге үрейдің берер үлесін арттыра түседі.

    30 жылдан асқан фильм қазіргі кейбір «хиттардан» да асып түсетініне кепілдік беремін. Бірақ, айтқандай әлемдік үздіктер қатарына жатқызуға асықпас едім.

Пікірлер