• Біздің парақшалар:
  • Димаш Зиядин «Адмирал: Ямамото Исороку» фильміне жазған рецензиясы

    • — 15 наурыз 2013
    • Баға: 5/10

    Жаман фильм жақсы сюжетті қор етеді

    Тарихи фильмдер, әсіресе Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысты туындылар жеке өзімді қатты қызықтырады. Майкл Бэйдің "Перл-Харборын" әлденеше рет көрген адам ретінде мені Жапонияның көзқарасымен түсірілген "Адмирал: Ямамото Исороку" ынтық қылып қойды. Құлашын кеңсе сермеген шайқастарды көрмесем де, тағдыры күрделі, өзінің жеке  көзқарасына қайшы шешімдерді қабылдауға мәжбүр болған күншығыс елінің тұлғасы салмақты, кейіпкердің мінезін ашып көрсете алатын нағыз байопикке негіз бола алады деп ойлағанмын.

    Алайда, фильмді көріп отырғанда да, көріп болған соң да әлдебір сезімнен арыла алмадым: "Адмирал: Ямамото Исороку" туындысын "Жапонфильм" АҚ Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен тендерден ұтып алып түсірген сияқты болды да тұрды.

    Тым асқақ сөздер, Ямамото бейнесін кіршіксіз, пәк бейне ретінде беру, жас ұшқыштардың әсірепатриоттығында жасандылықтың көзге анық ұрып тұруы фильмге деген сүйсіну емес, сезіктену туғызды.

    Жалпы алғанда жақсы-ақ секілді, бірақ фильм авторлары сюжетті тым сылап-сипап, жадағай етіп жіберген. Екі жарым сағатқа жетеғабыл уақытта мен Ямамотоның соғысқа қарсы бола тұра Перл-Харборды шабуылдау туралы операцияны қолға алғанда басынан өткерген сезімдерін, оған қарсы ұлтшылдардың жүргізген тірліктерін, адмирал мен қарапайым солдат арасындағы қарым-қатынастың кәсіби деңгейде берілгенін көре алмадым. Оның есесіне құрақ көрпе сияқты бас-аяғы жоқ сахналар жетерлік болды.

    Ямамотоны сомдаған Кодзи Якусеге еш айып таға алмаспын, себебі актер өзіне берілген миссияны алып шыққан деуге болады. Алайда осындай адамды сомда деп нұсқау берген режиссер және Ко көрермен ретінде көңілімді қалдырды.

    Техникалық тұрғыдан түрпідей тигені монтаждаушының еңбегі: жеке өзім, мәселен, жиналыста отырғандарды жалпы планмен көрсететін кадр қосылған соң барып 1-2 секундтан кейін осыны күтіп тұрғандай кейіпкерлердің сөзге көшуін қабылдай алмадым.

    Жапония адмиралын ардақ тұтады екен. Бәлкім мұндай фильм күншығыс елінің көрермендеріне қажет-ақ шығар. Алайда, "- Менен кейін флотты сен басқарасың. - Жоқ, Адмирал! Флотты басқаруға тек сіз ғана лайықсыз" деген сарындағы диалогтарды игеру мен секілді қазақстандық көрерменге ауыр тиді.

    Сөз жоқ, фильмнің жеткізер мессиджі балалар мен жас жеткіншектер аудиториясына әбден лайық. Бірақ, кейбір қатаң көріністер мұндай рейтинг беруге келмейді. Ал, ересектер үшін туындының іш пыстыруы әбден мүмкін.

    "Адмирал: Ямамото Исороку" іске алғысыз емес. Бірақ, экраннан жапон тарихындағы ең атақты тұлғалардың бірі туралы төрт аяғын тең басқан, нағыз фильм көре аласыз деп айта алмаймын.

Пікірлер