• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Коктейль» фильміне жазған рецензиясы

    • — 20 наурыз 2013
    • Баға: 6/10

    "Атына заты сай" деп осындайда айтса керек. Фильмнің өзі мазмұны жағынан мелодрама, комедия, драма коктейлінен тұрады.

    Әдетте фильмдердің жанрлар қоспасынан тұруы қалыпты жағдай ғой. Бірақ хронологиялық ретпен жанрлардың алмасуы сирек құбылыс. Өзім қателеспесем - бұндайды алғаш көріп тұрмын.

    Фильм үнділік кино канондарынан алыстай қоймапты: әдемі музыка, би, ән сала жөнелу, эмоция мен көңіл-күйді әуенмен жеткізу - бұрынғы 80-90 жылдардағыдай қатты белең алмаса да, жұрнақтары кездеседі. Батыстық үлгі мен заманауи көзқарастағы көрермендер де "Коктейльден" дәм тата алады. Өткені негізгі сюжеттік желі қазіргі Лондонда және осы шаһардың басты ерекшеліктерінің бірі болып кеткен - сәнді түнгі клубтарда өтеді.

    Картинаның алғашқы 30 минутын көре отырып, жастарға арналған жеңіл комедия деп асығыс қорытынды жасаппын. Драма, мелодрама элементтері, тіпті керек десеңіз - аздап трагедия да фильмнің екінші жартысында орын алады.

    Дегенмен картинаның тым созылыңғылығы мен дубляждағы техникалық кетіктер (дубляж Қазақстан актерлерінің көмегімен жасалды) оны жоғары бағалауға аздап кедергі болады. Бірақ түсіру тобының суретші/операторлары мен саунд/музыкамен әрлеу мамандарының ерекше еңбегін жоғары атап өту қажет.

    Салт-дәстүріне берік үнді халқының батыс әлеміне қатысты көзқарастардан туындайтын қарама-қайшылықтар қазақ жастары үшін де маңызды деп есептеймін. Сондықтан кейбір сәттерінде үлкендерімізден естіп жүрген ойларды, айналамыздан көріп жүрген құбылыстарды анық байқадым. Жастар, әсіресе жұптар қол ұстасып барып көруге тұрарлық дүние.

Пікірлер