• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Транс » фильміне жазған рецензиясы

    • — 16 сәуір 2013
    • Баға: 8/10

    Жо-жоқ, біз Еуропа емеспіз...

    Фильм небір ойларға жетеледі. Соның ішінде фильм барысында түрлі елдер мен аймақтардың кинематографтарын салыстырып отыруға мәжбүр етті. Салыстырдым: иә, Ұлыбритания Голливудтың қатысуынсыз-ақ тамаша фильмдер шығара алады. Оған тағы бір көз жетті.

    Ұлыбритания Испания емес, әйтпесе "Транс" аяқсыз бітіп қалар еді. Сөйтіп залдан шыққан көрермен картинаның шешімін өз фантазияларымен әрі қарай құрап, өз пайымдарына сай қорытар еді. Ұлыбритания Франция емес, әйтпесе фильмнің кульминациясы толыққанды болғанымен, іште бәрібір байыбына жете түсінбеушілік немесе бір өкінішке ұқсас сезімдер қалып қояр еді. Ұлыбритания Голливуд та емес, әйтпесе павильонда түсіріліп, компьютерде жасалған арнайы эффектілерге толы экшн-триллер көрер едік. Жоқ, Британ елінің өз киносы бар ешкімге ұқсамайтын.

    Картинадағы шытырман көрерменге сюжеттік шешімнің бірнеше нұсқасын "запаста" ұстауға себеп болады. Бұл жақсы да - сюжеттен шатасып қалмауға, үнемі сергек отыруға итермелейді. "Мен ойлаған нұсқалардың біреуі дәл келер" деп күтіп отырғанда, күтпеген тағы бір жағдай атып шығады.

    Картинаға берілген R (17 жасқа дейінгі тұлғалар үшін ересектердің қадағалауы міндетті) рейтингіне аздап келіспеймін. Шамасы фильм жасаушылар одан да жоғары шектеу қойылса көрермендердің көп бөлігінен айырыламыз деп қорықса керек. Мен рейтинг тағайындайтын ұйымның мүшесі болсам, "Трансқа" NC-17 (17 жасқа дейінгі тұлғалар үшін көруге тыйым салынады) рейтингін ұсынар едім.

    Фильмнің аса сапалы шығуына әрине актерлердің үлесі зор. Джеймс МакЭвой , Венсан Кассель , Розарио Доусон үштігі ойындарымен шынымен сендіре алды. Сюжетін құрастырушылар мен режиссерге де ерекше құрмет. Оларсыз осындай деңгейі жоғары картина пайда болмас еді.

Пікірлер